Әлеуметтік желідегі видеодан кейін полиция Toyota RAV4 жүргізушісі мен капотта отырған жолаушыны анықтап, екеуіне де әкімшілік хаттама толтырды
Семейде полиция қызметкерлері Жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзған жүргізуші мен жолаушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 14 шілдеде Қарағайлы шағын ауданында болған. Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында полицейлер Toyota RAV4 маркалы қозғалыстағы автокөліктің капотында жолаушының отырған бейнежазбасын анықтады. Қатысушылардың жеке басы жедел анықталды.
«Көлік тізгінінде қаланың 22 жастағы тұрғыны болған. Ол жолаушыны көлік құралының кабинасынан (салонынан) тыс тасымалдағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ Жол жүрісі қағидаларының талаптарын бұзып, қозғалыс кезінде автокөліктің капотында болған 24 жастағы жолаушы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Облыстық полиция департаменті мұндай әрекеттердің адам өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіретін атап өтті. Тіпті болмашы тежелу, күрт маневр жасау немесе жол-көлік оқиғасы адамның көліктен құлап, ауыр жарақат алуына әкелуі мүмкін.
Полицейлер азаматтарды әсерлі фото, бейнеролик немесе әлеуметтік желіге жарияланым жасау үшін өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне қауіп төндірмеуге шақырды.