Қазақстан ТЖМ авиациясы жарты жылда 1 488 рет әуеге көтерілді: жүздеген адам құтқарылды

Автор: Azattyq Rýhy

2026 жылдың алғашқы алты айында ТЖМ авиациясы 707 төтенше жағдайға ден қойып, 283 науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсетуге атсалысты

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ведомство авиациясы жалпы 1 488 рейс орындады. Оның ішінде 707 рейс төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою мақсатында жүзеге асырылған. Бұл өңірлердегі ахуалды жедел бақылауға және оқиғаларға уақытылы әрекет етуге мүмкіндік берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Санитарлық авиация бағыты бойынша 287 рейс орындалып, 283 пациентке шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Оның аясында ауыр науқастар медициналық мекемелерге жеткізіліп, дәрігерлер бригадалары шалғай өңірлерге әуе көлігімен тасымалданды.

Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің бастамасымен өңірлерде 20 авиациялық-құтқару бөлімшесін құру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта жаңа нысандардың құрылысы жалғасып жатыр.

Бүгінде Қазақстан ТЖМ авиациялық паркінде заманауи ұшақтар мен тікұшақтарды қоса алғанда 45 әуе кемесі бар. Бұл еліміздің барлық өңірлерінде төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

ТЖМ авиациясының негізгі міндеттеріне:

  • құтқару және іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу;
  • санитарлық авиация жұмысын қамтамасыз ету;
  • табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға әуеден мониторинг жүргізу;
  • орман және дала өрттерін сөндіруге қатысу;
  • құтқарушылар, мамандар мен техниканы оқиға орындарына жедел жеткізу кіреді.

Сондай-ақ авиациялық бөлімшелер су тасқыны қаупі бар аумақтарды, орман алқаптарын және табиғи өрт ошақтарын тұрақты түрде әуеден бақылап отырады. Бұл ықтимал қауіптерді ерте анықтап, төтенше жағдайлардың алдын алуға және жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Ведомство мәліметінше, Қазақстан ТЖМ авиациясы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың салдарын азайту және халыққа уақытылы көмек көрсету бағытындағы жұмысын жалғастырып келеді. Министрліктің кәсіби ұшқыштары мен авиация мамандары кез келген күрделі тапсырманы орындауға дайын.

Тегтер: