Қазақстанда жылына 500 VOLVO жүк тартқышы құрастырылады
Одан бөлек,қазір елімізде Scania және HOWO маркалы жүк тартқыштары да шығарылады
Қазақстанда ауыр жүк техникасын шығару көлемі ұлғайып келеді. Биылғы жылдың төртінші тоқсанынан бастап Hyundai Trans Auto кәсіпорны жылына 500 VOLVO жүк тартқышын құрастыра бастайды. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрліктің мәліметінше, көлік өндірісіндегі жергіліктендіру деңгейін арттырудың басты жолдарының бірі – автокомпонент өндірісін дамыту. Қазір қазақстандық кәсіпорындар шина, қозғалтқыш бөлшектері, аккумулятор, автобустарға арналған металл бөлшектер, орындықтар мен мультимедиялық жүйелер шығарып жатыр. Сонымен қатар бампер, электр сымдарының шоғырлары, доңғалақ дискілері және лак-бояу материалдарын өндіретін жаңа жобалар қолға алынған.
Осы саланы дамыту үшін «Машина жасау және көлік мәселелері туралы» заң қабылданып, оған «өнеркәсіптік кластер» ұғымы енгізілді. Қазір Қостанай, Саран және Алматыда ірі өнеркәсіптік кластерлер қалыптасты. Бұл өңірлерде автокөлік құрастырумен қатар, оған қажетті бөлшектер шығару, жаңа жеткізушілер тарту және өндірістік тізбекті дамыту жұмыстары жүріп жатыр.
«Қазір елімізде Scania және HOWO маркалы жүк тартқыштары шығарылады. Саланы одан әрі дамыту үшін жаңа жобаларды қолға алып жатырмыз. Соның бірі – биылғы IV тоқсанда Hyundai Trans Auto кәсіпорнында жылына 500 VOLVO жүк тартқышын шығару. Сонымен қатар Barys Truck Manufactory компаниясы XCMG компаниясымен бірге электрлі жүк тартқыштарын өндіру жобасын іске асырып жатыр», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.
Министрліктің дерегінше, мұндай жобалар Қазақстандағы көлік жасау саласының әлеуетін арттырып қана қоймай, өндірісті жергіліктендіру үлесін көбейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және автокомпонент өндіретін отандық кәсіпорындардың дамуына серпін береді.