Маңғыстаудағы жерасты мешіттері ЮНЕСКО-ның тізіміне енуі мүмкін
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 19 шілдеде басталған сессия 29 шілдеге дейін жалғасады
Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясы өз жұмысын бастады. Оның барысында Қазақстанның Маңғыстау облысындағы жерасты мешіттерін және олармен байланысты киелі нысандарды Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу жөніндегі өтінімі қаралады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 19 шілдеде басталған сессия 29 шілдеге дейін жалғасады.
Іс-шараға ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенциясына қатысушы 196 мемлекеттің үш мыңға жуық өкілі, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының мүшелері қатысады.
Сессия барысында комитет Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізуге ұсынылған 30 жаңа номинацияны, сондай-ақ тізімдегі нысандардың сақталу жай-күйіне қатысты 147 есепті қарайды. Оның ішінде Қазақстан ұсынған «Маңғыстаудың жерасты мешіттері және олармен байланысты киелі нысандар» атты номинация да талқыланады.
Қазақстан делегациясы Бүкіләлемдік мұра комитетінің мүшесі ретінде сессия жұмысына белсенді қатысып жатыр.