Алматы – Қаскелең тасжолын 8 жолаққа дейін кеңейту жұмысы басталды
Бұдан бөлек, жол бойына 18,5 шақырымнан астам металл қоршау орнатылып, 305 жол белгісі қойылады
Алматыдан Қаскелеңге дейінгі жолда ауқымды жаңғырту жұмысы басталды. Ұзындығы 8 шақырымды құрайтын «Алматы – Бішкек» халықаралық автожолының бұл бөлігі енді 8 жолақты магистральға айналады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоба мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Негізгі мақсат – көлік ағынын жеңілдетіп, жолдағы кептелісті азайту және қозғалыс қауіпсіздігін күшейту.
Жоба аясында жол бойындағы инфрақұрылым да толық жаңартылады. Атап айтқанда:
- жалпы ұзындығы 527 метр болатын 9 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі;
- ұзындығы 282 метрді құрайтын 2 көлік айрығы;
- 23 автобус аялдамасы;
- 12,9 шақырым сыртқы жарықтандыру желісі;
- су өткізу құрылыстары мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа инженерлік нысандар салынады.
Бұдан бөлек, жол бойына 18,5 шақырымнан астам металл қоршау орнатылып, 305 жол белгісі қойылады.
Қазір құрылыс алаңында дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар топырақтың құнарлы қабатын алып, жол жолағындағы жасыл желектерді тазалап, келесі кезеңге қажетті аумақты әзірлеуде. Нысанда экскаватор, бульдозер, автосамосвал, автогрейдер және басқа да арнайы техникалар жұмыс істеп жатыр.
Жобаны жүзеге асырушылардың айтуынша, Алматы мен Қаскелең арасындағы жолды кеңейту көлік өткізу қабілетін едәуір арттырып, бұл бағыттағы жүк және жолаушылар ағынының қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалуына мүмкіндік береді.