Құрылтай қоғамдық пікірді заңнамалық шешімге айналдыратын алаң болуы тиіс – Шерзод Пулатов

Автор: Асыл Арман

Шерзод Пулатовтың пікірінше, жаңа Конституция аясында өтетін бұл сайлау – жай ғана кезекті электоралдық науқан емес, елдің саяси және құқықтық жүйесіндегі жаңа институционалдық кезеңнің бастауы

Фото: «Егемен Қазақстан»

23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы Қазақстанның саяси жүйесіндегі жаңа кезеңнің бастауына айналмақ. Астана қаласындағы өзбек этномәдени орталығының төрағасы, Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Қоғамдық кеңестің мүшесі Шерзод Пулатовтың айтуынша, алғаш рет бір палаталы Құрылтайдың құрамы жасақталып, бұл институт қоғамдық пікірді нақты заңнамалық шешімдерге айналдыратын маңызды алаңға айналуы тиіс. Бұл туралы бас басылым – «Егемен Қазақстан» газеті жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл сайлаудың басты ерекшелігі неде?

Айта кетейік, жинақтаған тәжірибесі мен тарихи рөлі бар қос палаталы Парламент құқықтық жүйені қалыптастыруға, мемлекеттік институттарды нығайтуға, заң шығару мәдениетін орнықтыруға маңызды үлес қосты. Қоғам өзгерген сайын саяси институттар да жаңа талаптарға бейімделетіні мәлім. Ал, бір палаталы Құрылтайға көшу –  қалыптасқан тәжірибеден бас тарту емес, заң шығару билігін заман талабына сай жаңғыртуға бағытталған қадам.

Шерзод Пулатовтың айтуынша, бір палаталы құрылымның басты артықшылығы – заң жобаларының бірнеше сатыдан өту қажеттілігі азайып, өзекті мәселелерге дер кезінде әрі тиімді жауап беру мүмкіндігі артады. Сонымен қатар қабылданған заңдар үшін саяси жауапкершілік те бір орталыққа шоғырланады.

«Парламент жұмысының нәтижелілігі оның екі немесе бір палаталы болуына ғана байланысты емес. Ең маңыздысы – депутаттардың кәсіби деңгейі, сарапшылар мен қоғам пікірінің ескерілуі және ашық саяси пікірталас мәдениетінің қалыптасуы әрі заң жобаларының сапалы әзірленуі», деді Ш. Пулатов.

Оның пікірінше, бұл сайлаудың басты ерекшелігі – жаңа Конституцияның шеңберінде құрылатын бір палаталы Құрылтайдың алғашқы құрамы айқындалады.

«Сондықтан бұл – кезекті электоралдық науқан емес, бұл – Қазақстанның саяси және құқықтық жүйесінің жаңа институционалдық кезеңге қадам басуы.

Сайлау бірыңғай жалпыұлттық округ бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша өтеді. Мұндай модель саяси партияларға ел көлеміндегі қоғамдық сұранысты жинақтауға, түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін тұтас бағдарламалық ұстанымдарға біріктіруге және парламенттік қызмет үшін ұжымдық саяси жауапкершілік алуға мүмкіндік береді», деді ол.

Жаңа Құрылтай беделді институтқа айналады

Шерзод Пулатовтың сөзінше, кез келген саяси партияның басқа саяси күшпен бірігуі – оның жарғылық органдары қабылдайтын саяси-құқықтық шешім. Ол «AMANAT» партиясының қалыптасқан кадрлық әлеуеті мен жинақтаған тәжірибесі бар, мемлекеттік және қоғамдық институттардың қалыптасуына елеулі үлес қосқан ірі саяси ұйым екенін атап өтті.

«Аталған фракцияның «Әділет» партиясының құрамына қосылу шешімі, бұл – саяси күштердің жаңарған құндылықтар мен ортақ стратегиялық мақсаттар төңірегінде топтасуға ұмтылысы.

Әйтсе де, кез келген бірігудің құндылығы оның атауынан немесе ұйымдастыру тәртібінен емес, нақты нәтижесінен көрінеді», деді ол.

Оның пікірінше, нақты нәтиже – саяси мәдениеттің жаңаруынан, ашықтықтың қамтамасыз етілуінен, азаматтардың пікірінің ескерілуінен және қоғам алдындағы жауапкершіліктің іс жүзінде көрініс табуынан байқалуы тиіс.

«Түптеп келгенде, саяси ұйымдарға берілетін шынайы бағаны олардың мәлімдемелері емес – ұсынған идеяларының өміршеңдігі, кадрлық әлеуеті және нақты атқарған жұмысы айқындайды», деді Ш. Пулатов.

Сарапшының пікірінше, қоғам мен билік арасындағы диалогтың сапасы сайлау күнімен ғана өлшенбейді.

«Қоғам мен билік арасындағы диалогтың неғұрлым сапалы болуы – партиялардың бағдарламалары мен депутаттық сауалдарда және парламенттік бақылау тетіктерінде – ел тұрғындарының ұсыныстары қаншалықты көрініс табуына байланысты болады. Сондықтан жаңа Құрылтай қоғамдық пікірді тек тыңдайтын емес, оны нақты заңнамалық шешімдерге айналдыратын институционалдық алаңға айналуы тиіс.

Құрылтай ел үшін маңызды мәселелер еркін талқыланатын, салмақты шешімдерге негіз қалайтын, мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді бағытын айқындауға үлес қосатын беделді саяси әрі зияткерлік алаңға айналуы тиіс. Солай боларына сенемін», деді сарапшы.

Реформаларға халықтың қызығушылығы жоғары

Шерзод Пулатов өзінің қоғамдық қызметі барысында қазіргі уақытта азаматтық қоғам өкілдерімен, сарапшылармен, жастармен, этномәдени бірлестіктермен, кәсіпкерлермен және түрлі сала мамандарымен тұрақты түрде пікір алмасып жүргенін айтты.

«Бұл кездесулердің мақсаты – қандай да бір кандидатқа немесе партияға қолдау көрсетуге үндеу емес. Жаңа Конституцияның мазмұнын, бір палаталы Құрылтайдың қызметін, заң үстемдігін, қоғамдық келісім мен азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуы сияқты ел үшін маңызды мәселелерді талқылау.

Байқағаным, қоғамда жүргізіліп жатқан реформаларға қызығушылық жоғары», деді ол.

Оның пікірінше, азаматтарды толғандыратын заңды сауалдар аз емес. Олар жаңа Құрылтайдың бұрынғы Парламенттен ерекшелігін, депутаттардың жауапкершілігі қалай күшейтілетінін және қоғамдық ұсыныстардың заң шығару үдерісінде қалай ескерілетінін білгісі келеді.

«Мұндай сұрақтардың алға тартылуы – қалыпты әрі пайдалы құбылыс. Өйткені қоғамдық сенім – түсіндіру жұмыстарымен ғана қалыптаспайды. Қоғамдық сенім – жаңа институттың нәтижесі мен ашықтығы және қоғам алдындағы жауапкершілігі арқылы нығаяды», деді ол.

Оның пікірінше, жаңа Конституциялық модель жағдайында Құрылтай мен Халық Кеңесі арасындағы байланысты күшейту маңызды.

«Құрылтай мен Халық Кеңесі арасындағы байланысты күшейту – азаматтық қоғамның әлеуетін тиімді пайдалануға, қоғамдық бастамалардың заң шығару барысында жан-жақты қаралуына және азаматтардың үні мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісінде кеңінен естілуіне ықпал етеді», деді Ш. Пулатов.

Ол өзінің Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде партиялық тізімге енуі – зор жауапкершілік екенін атап, сайлау қорытындысы қандай болса да, өзінің қоғамдық және кәсіби қызметінде мемлекет пен қоғам мүддесіне адал қызмет ету қағидатынан айнымайтынын атап өтті.

Сондай-ақ ол Құрылтайда қандай мәселе қаралса да, оның түпкі мақсаты азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, әділеттілікті нығайтуға және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді күшейтуге бағытталуы тиіс екенін тілге тиек етті.

«Түпкі мақсат – жаңа Конституцияда бекітілген қағидаттарды нақты заңнамалық және институционалдық тетіктер арқылы жүзеге асырып, құқық үстемдігіне негізделген, әділетті, қоғамдық келісімі берік және адам мүддесін басты орынға қоятын мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі дамыту», деп түйіндеді Шерзод Пулатов.