Оның былапыт сөздер айтып, агрессивті мінез көрсеткені белгілі болды
Астана-Шымкент рейсінде ішімдікке сылқия тойып алған мас әйел жұрттың мазасын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана әуежайында әуе компаниясы өкілдерінің актісі негізінде Көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзған 36 жастағы Шымкент тұрғынын «Астана – Шымкент» рейсінен түсірді.
Мән-жайды анықтау барысында әйелдің мас күйде болғаны, былапыт сөздер айтып, агрессивті мінез көрсеткені және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны анықталды.
«Құқық бұзушыға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің үш бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Атап айтқанда, қоғамдық орында мас күйінде жүргені, ұсақ бұзақылық жасағаны және құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Іс материалдары процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданды», - делінген Көліктегі Полиция департаментінің хабарламасында.