«Білімді, парасатты, адал»: Нұртөре Жүсіп XXI ғасырдағы қазақ қоғамының басты құндылықтарын атады (ВИДЕО)
Нұртөре Жүсіп ұлттық бірлік пен жаңа қазақ болмысы туралы пікір білдірді
Белгілі журналист, Парламент Сенатының экс-депутаты Нұртөре Жүсіп XXI ғасырдағы жаңа қазақ болмысы мен ұлттық бірліктің маңызы туралы ой қозғады. Оның айтуынша, қазіргі Қазақстан ешкімге жалтақтамай, өз тағдырын өзі шешетін жаңа сапалы биікке көтерілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«XXI ғасыр – жаңа ғасыр. Жаңа технологиялар дамып, жаһандану мен урбанизация үдерісі жүріп жатыр. Осындай кезеңде қазақ болмысы қандай болуы керек деген мәселені президент өзінің бір жолдауында айтқан болатын. Білімді болуы керек, адал болуы керек, парасатты болуы керек. Ал өткен XX ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы да осы жөнінде пікір білдірген. Ол қазақтың істі болуы, ел болуы үшін ең алдымен білімді болуы керек деген. Сондай-ақ бай болуы керек екенін айтты. Бай болу үшін кәсіптің көзін тап деді, күшті болу үшін бірлік керек. Яғни ұлттың ішкі бірлігі, ішкі қуаты – бағасы ақшамен де, теңгемен де, доллармен де өлшенбейтін ұлттық құндылық. Бұл – әр адамның жүрегінде тұрған нәрсе. Бүгінде тәуелсіз ел ретінде әлемдегі 200-ден астам мемлекеттің қатарында дербес өмір сүріп келеміз. Барлық мәселені ешкімге жалтақтамай, өзіміз шешетін деңгейге жеттік», - дейді Нұртөре Жүсіп.
Ол сөзін жалғай отырып, өткен ғасырдағы жағдайға назар аударып, кедергілерді тілге тиек етті.
«Кезінде Алматыдағы Ташкент көшесінің (қазіргі атауы – Райымбек) үстінен газ құбырын өткізу үшін Мәскеудің рұқсаты қажет болатын. Ал қазір барлық мәселе өз қолымызда. Қандай зауыт саламыз, қандай кәсіпорын ашамыз, қандай жоба жүзеге асырамыз – бәрі қазақ ұлтының қолында тұр. Осыны терең түсінуіміз керек. Біз ділгір емеспіз, сіздегінің кілті аспанды деп біреуге көзімізді, сөзімізді сатып тұрған жоқпыз. Бұл – ұлттың жаңа сапалы биігіне көтерілген кезең. Бұл – бір.
Екінші. Әрбір ғасырға шолып қарасақ, әрбір ғасырдың басталған уақытынан бастап шамамен елуінші-алпысыншы жылдарына дейін түрлі соғыстар, алапат оқиғалар, алмасып келіп отырған қиыншылықтар. Құдайға шүкір, әзірге XXI ғасырда қазақ ұлты сондай ірі қасіреттерге немесе сырттан келген ауыр сын-қатерлерге тап болған жоқ», - дейді белгілі журналист.