Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадада бес медаль жеңіп алды

Халықаралық дода қытайда өткен

Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадада бес медаль жеңіп алды
Фото: gov.kz

Қытай Халық Республикасының Сучжоу қаласында 12-20 шілде аралығында өткен экономикадан халықаралық олимпиадада (International Economics Olympiad, IEO 2026) қазақстандық оқушылар жоғары нәтиже көрсетті. Әлемнің 61 елінен 300-ге жуық дарынды оқушы қатысқан беделді білім додасында Қазақстан құрамасы бір алтын, үш күміс және бір қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстан құрамасының қоржынына бір алтын, үш күміс және бір қола медаль түсті:

  • Батырхан Мұхтархан – Астана қаласы Нұра ауданындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы, алтын медаль жеңіп алып, халықаралық экономика олимпиадасының екі дүркін алтын жүлдегері атанды.
  • Дінмұхаммед Кемелов – Алматы қаласы Медеу ауданындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы, күміс медаль.
  • Әлтайыр Жапаров – Алматы қаласы Медеу ауданындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы, күміс медаль.
  • Аружан Сұлтанбек – Алматы қаласындағы «Мирас» халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы, күміс медаль.
  • Темірлан Қуанышбек – Алматы қаласы Медеу ауданындағы NIS-тің 10-сынып оқушысы, қола медаль.

Ұлттық құраманы «Teenvestor» мектебінің директоры, ұлттық құрама жаттықтырушысы Руслан Молдашев және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Зере Жарлағапова дайындады.

Қазақстандық оқушылардың бұл жетістігі елімізде дарынды жастарды қолдау және оларды халықаралық олимпиадаларға жүйелі даярлау жұмысының нәтижесін көрсетті. Әлемнің 61 елінен жиналған үздіктер арасындағы табысты өнер көрсету қазақстандық оқушылардың экономика, қаржы және бизнес бағыттары бойынша халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Халықаралық экономика олимпиадасы (International Economics Olympiad, IEO) – экономика, қаржы және бизнес саласындағы дарынды мектеп оқушыларын біріктіретін әлемдегі ең беделді зияткерлік жарыстардың бірі. Олимпиада барысында қатысушылардың экономика, қаржы және бизнес бағыттары бойынша білімі, аналитикалық ойлау қабілеті мен практикалық жағдайда тиімді шешім қабылдау дағдылары бағаланады.