Шу ауданында дронның көмегімен қарасора өсірілген ондаған орын табылды (ВИДЕО)
Есірткі өсірілетін орындарды анықтау үшін тікұшақтар, дрондар және Жерді ғарыштан бақылау технологиясы қолданылуда
Жамбыл облысының Шу ауданында дрондар арқылы қарасора өсірілген ондаған орын табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция қызметкерлері маусым айынан бастап қарасора өсетін өңірлерде қарқынды жұмыс жүргізіп келеді. Операцияға полиция қызметкерлері, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы мен Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері атсалысып жатыр.
Сонымен қатар тікұшақтар, дрондар және Жерді ғарыштан бақылау технологиясы қолданылуда. Шу өңірі ерекше назарда. Мұнда дрондардың көмегімен жабайы қарасораның ондаған ошағы анықталып, жойылды. Сондай-ақ қызметтік иттер мен кинологтар тәулік бойы қызмет атқарып жүр. Олар автожолдарда, теміржол нысандарында және есірткі тасымалдануы мүмкін бағыттарда тексеру жүргізуде.
Операция барысында қызметтік иттердің көмегімен 90 есірткі қылмысының жолы кесіліп, 550 килограмға жуық түрлі есірткінің заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді.
«Қарасора» операциясы есірткі қылмысына қарсы күрестегі тиімділігін дәлелдеп отыр. Заманауи технологиялар мен кешенді шаралардың арқасында қойылған міндеттер нәтижелі орындалып жатыр. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Ішкі істер министрлігі азаматтардың денсаулығын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады», - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.