20 шілде күні ауа райы қандай болады

Автор: Дәулет Ботагөз

Қазақстан аумағының басым бөлігінде күн райы бұзылып, жаңбыр жауады

Фото: © istockphoto.com

Дүйсенбі, 20 шілде күні Қазақстан аумағының басым бөлігінде күн райы бұзылып, жаңбыр жауады. Синоптиктер бірқатар өңірде бұршақ пен дауыл соғатынын, ал оңтүстік облыстарда өрт қаупі мен аптап ыстық әлі де сақталатынын ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Синоптиктердің мәліметінше, аптаның алғашқы күні еліміздің көптеген өңірінде күн күркіреп, жаңбыр жауады. Батыс, солтүстік-батыс және солтүстік облыстарда қатты нөсер жауып, бұршақ түсіп, дауылды жел соғады. Сондай-ақ бұл өңірлерде түнде және таңертең тұман күтіледі. Ал оңтүстік өңірлерде күндіз күшті жел соғып, арты шаңды дауылға ұласуы мүмкін. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыс облыстарында ғана жауын-шашынсыз, ашық әрі ыстық ауа райы сақталады.

Синоптиктердің болжамынша, бірқатар өңірде аптап ыстық сақталады. Жамбыл облысында ауа температурасы +43…+45°С-қа дейін жетсе, Алматы мен Жетісу облыстарында күндіз +40…+45°С, ал Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының оңтүстігінде +41°С ыстық күтіледі. Сонымен қатар, Түркістан облысында күндіз +40…+44°С, Маңғыстау облысының оңтүстігінде +38…+40°С болады. Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Алматы облысының шығысы мен Жетісу облысының шығыс және таулы аудандарында ауа температурасы +35…+38°С аралығында сақталады.

Құрғақ әрі ыстық ауа райына байланысты еліміздің барлық дерлік облысында өрт қаупі жоғары деңгейде қалып отыр.Ең жоғары деңгейдегі өрт қаупі Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Жетісу, Ұлытау, Абай, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Қарағанды облысының батысы мен солтүстігінде, Павлодар облысының оңтүстік-шығысында, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының оңтүстігінде, Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында, Атырау облысының солтүстік-батысында және Маңғыстау облысының солтүстік-шығысында күтіледі. Ал жоғары өрт қаупі Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Атырау, Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Павлодар және Жамбыл облыстарының жекелеген аудандарында сақталады.