Аптап ыстық тасжолдарға қауіп төндірді: «ҚазАвтоЖол» жөндеу жұмыстарын жүргізді
Жалпы ұзындығы 1 636,5 шақырымды құрайтын тасжолдар тұрақты қадағалауда тұр
Елімізде болып жатқан аптап ыстық ауа райы Қазақстанның алты цемент-бетон тасжолында температуралық деформациялардың пайда болуына әкеп соқты. Жол қызметтері зақымдалған учаскелерді шұғыл түрде қалпына келтірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық компанияның мәліметінше, қазіргі уақытта арнайы қызметтер еліміздегі цемент-бетон төсемі бар автожолдардың жағдайын тәулік бойы бақылау режиміне көшірген. Жалпы ұзындығы 1 636,5 шақырымды құрайтын тасжолдар тұрақты қадағалауда тұр.
Жоспарлы тексеру барысында мамандар аптап ыстықтың салдарынан зақымданған алты локальді жол учаскесін анықтады. Мұндай жол жабындысының бұзылуы Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарында тіркелген.
Ақауларды жоюға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жедел түрде елуден астам білікті маман мен арнайы техника жұмылдырылды. Барлық анықталған зақым қысқа мерзімде толық жойылды, соның арқасында көлік қозғалысына ешқандай шектеу қойылмай, қозғалыс қайта жалғасты.
Мекеме өкілдерінің түсіндіруінше, экстремалды аптап ыстық кезінде цемент-бетон жабынының беті +60...+70 °C және одан да жоғары температураға дейін қызады.
«Осындай жоғары қызу салдарынан бетон плиталардың ішінде ішкі кернеу пайда болады, бұл өз кезегінде жолдың локальді түрде деформациялануына (ісінуіне немесе жарылуына) әкеп соғады. Мұндай құбылыстар ұзақ уақыт бойы аптап ыстық сақталатын әлемнің көптеген елдеріне тән қалыпты жағдай саналынады», — деп нақтылады компаниядан.