Каспий құбыр консорциумына шабуыл жасалды: қазақстандық мұнайды тиеу тоқтатылды

Теңіз терминалында 19 шілдеде пилотсыз ұшу аппараттарының шабуылы тіркелді

Каспий құбыр консорциумына шабуыл жасалды: қазақстандық мұнайды тиеу тоқтатылды
Фото: © istockphoto.com

Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында 19 шілдеде пилотсыз ұшу аппараттарының шабуылы тіркелді. Шабуыл салдарынан қазақстандық кен орындарынан мұнай тиеп жатқан екі бірдей танкер соққыға жығылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Каспий құбыр консорциумының мәліметінше, ВПУ-1 және ВПУ-3 қашықтағы айлақ құрылғыларында мұнай тиеу операциялары кезінде дрон шабуылы жасалды. Соның салдарынан «ASIA» танкеріне соққы тиіп, бортында өрт шықты. Аталған кемеге «Теңізшевройл» (Chevron) компаниясының мұнайы тиеліп жатқан болатын. Өрт КҚК-ның апаттық-құтқару қызметінің күшімен жедел сөндірілді. Сондай-ақ шабуылға ұшыраған «NISSOS IOS» танкері «Kashagan B.V.» және «Матен» («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ) компанияларының мұнайын қабылдап жатқан.

«Қазіргі уақытта мұнай тиеу процесі толықтай тоқтатылды. КҚК қызметкерлері мен мердігер ұйымдар арасында зардап шеккендер мен құрбандар жоқ. Мұнайдың теңізге төгілуіне жол берілген жоқ. Екі танкер де су бетінде тұру қабілетін сақтап қалды, қазіргі уақытта келтірілген зақым көлемі бағалануда», — деп мәлімдеді консорциумнан.

Компания бұл жағдайды азаматтық нысандар мен кемелерге қарсы жасалған мақсатты террористік шабуыл деп атап, бұл консорциумға қатысушы барлық мемлекеттердің мүддесіне нұқсан келтіретінін жеткізді. Бұл КҚК нысандарына жасалған бесінші тікелей агрессия актісі.

КҚК жүйесі жаһандық энергетикалық қауіпсіздікте негізгі рөл атқарады. Осы құбыр желісі арқылы Қазақстанның ең ірі — Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан мұнай тасымалданады.

2025 жылы терминал арқылы 70,5 миллион тонна мұнай жөнелтілген. Бұл көлемнің 75%-дан астамы әлемдік алпауыттар — «Тенгизшевройл» (Chevron), ExxonMobil, «ҚазМұнайГаз», Eni және Shell компанияларына тиесілі.

Айта кетерлігі, бұл аталған бағыттағы алғашқы оқиға емес. Бұған дейін, 8 шілдеде КҚК терминалынан қазақстандық мұнайды тасымалдап бара жатқан Chevron танкеріне дрон шабуылы жасалған. Ал 17 шілдеде КҚК теңіз терминалына бет алған «Nordic Zenith» танкеріне соққы тиіп, кемеде шыққан өртті экипаж өз күшімен сөндірген болатын.

Бұған дейін ҚР Энергетика министрлігі қазақстандық мұнай экспортына ешқандай қауіп жоқ деп мәлімдеген еді. Алайда 19 шілдедегі жаңа шабуылдан кейін КҚК шығынды бағалау және қауіпсіздікті тексеру үшін мұнай жөнелтуді уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.