Астанада Алматы көшесінің тағы бір бөлігі уақытша жабылады

Автор: Алмас Ерсін

Жол жөндеу жұмыстарына байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі

Фото: © istockphoto.com

Астанада 20 шілдеден бастап жыл соңына дейін Алматы көшесінің Ақмешіт көшесінен Сауран көшесіне дейінгі бөлігі толық жабылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шектеу Мәңгілік Ел даңғылынан Сауран көшесіне дейінгі аралықта Алматы көшесінің бойымен көлік тоннелін салу жобасы аясында енгізіліп отыр. Бұған дейін, 18 маусымнан бастап жыл соңына дейін Алматы көшесінің Ақмешіт пен Түркістан көшелерінің арасындағы бөлігі де толық жабылған болатын.

«Сонымен қатар Алматы–Сауран, Алматы–Ақмешіт және Алматы–Түркістан көшелерінің қиылыстары ашық болады. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз», – деп мәлімдеді қала әкімдігі.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайсыздықты азайту мақсатында аталған аумақта уақытша жол белгілері мен бағыттаушы көрсеткіштер орнатылады.