Тексеріс барысында оның 70 жаста екені белгілі болды
Қостанайда емдеу мекемесінде медицина қызметкерін балағаттап, өміріне қауіп төндіретін сөздер айтқан ер адамның жеке басы анықталды. Тәртіп сақшылары бұзақыны заң шеңберінде жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған дейін қостанайлық медицина қызметкері әлеуметтік желіде арнайы бейнеролик жариялаған болатын. Бейнежазбада ол өзінің жұмыс орнында емделушілердің бірінен қысым көріп, былапыт сөздер естігенін және өміріне қауіп төнгенін айтып шағымданды. Кадр сыртындағы ер адам дәрігерді ашықтан-ашық балағаттап, күш қолданатынын айтып қоқан-лоқы көрсеткен.
Қостанай облысының Полиция департаменті бүгін медицина қызметкеріне қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасаған құқық бұзушының ұсталғанын хабарлады. Тексеріс барысында оның 70 жастағы зейнеткер екені белгілі болды.
«Ол қоғамдық тәртіпті және азаматтардың тыныштығын бұзғаны, сондай-ақ балағат сөздер айтып, өзге адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлап, айналасындағыларға құрметсіздік танытқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деп мәлімдеді облыстық полициядан.
Тәртіп сақшылары медицина қызметкерлеріне, сондай-ақ кез келген өзге азаматтарға қатысты агрессия танытуға, балағаттауға және қауіп төндіруге заң жүзінде қатаң тыйым салынғанын ескертеді. Мұндай әрекет жасағандар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті жазасын алады.