Алдағы үш күнде мегаполистердегі ауа райы қандай болады
Таяу күндері Қазақстанның мегаполистерінде ауа райы күрт құбылады
Таяу күндері Қазақстанның ірі мегаполистерінде ауа райы күрт құбылады. Алматы мен Шымкентте аптап ыстық болса, елордада күн күркіреп, жаңбыр жауады деп күтілуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Синоптиктердің мәліметінше, 19–21 шілде аралығында еліміздің оңтүстік өңірлерінде термометр бағаны рекордтық көрсеткішке дейін көтерілмек.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы үш күнде Шымкентте күн ашық болып, аптап ыстық сақталады. 19 шілдеде жауын-шашын күтілмейді, күндіз желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді. Ауа температурасы түнде +26…+28°С, күндіз рекордтық +45…+47°С болады. 20 шілдеде де күн ашық, түнде +27…+29°С, күндіз +40…+42°С ыстық күтіледі. Ал 21 шілдеде күндіз қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде +23…+25°С, күндіз ауа температурасы төмендеп, +33…+35°С болады.
Синоптиктердің мәліметінше, Алматыда да алдағы екі күнде аптап ыстық сақталады, ал сейсенбіде ауа райы біршама салқындайды. 19 және 20 шілдеде жауын-шашын күтілмейді, түнде ауа температурасы +24…+27°С, күндіз +40…+42°С-қа дейін көтеріледі. Ал 21 шілдеде күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, желдің екпіні 15 м/с-қа дейін жетеді. Түнде +24…+26°С, күндіз ауа температурасы +35…+37°С-қа дейін төмендейді.
Синоптиктердің болжамынша, Астанада алдағы үш күнде аптап ыстықтың беті қайтып, жауын-шашын жиілейді. 19 шілдеде өткінші жаңбыр жауып, күн күркірейді, ауа температурасы түнде +20…+22°С, күндіз +34…+36°С болады. 20 шілдеде жаңбыр мен найзағай сақталып, күндіз желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Түнде +18…+20°С, күндіз +28…+30°С күтіледі. Ал 21 шілдеде тұрақсыз ауа райы жалғасып, жаңбыр жауып, күн күркірейді, күндіз бұршақ түсуі мүмкін. Желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетіп, ауа температурасы түнде +16…+18°С, күндіз +24…+26°С болады.