«Air Astana»-ның миллиардтап ақша жымқырған бұрынғы қызметкерлеріне қатысты үкім өзгеріссіз қалды

Қылмыстық схеманы құрған азамат 9 жылға бас бостандығынан айырылды

«Air Astana»-ның миллиардтап ақша жымқырған бұрынғы қызметкерлеріне қатысты үкім өзгеріссіз қалды
Фото: © istockphoto.com

Алматыда қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқа «Air Астана» АҚ-ның бұрынғы қызметкерлеріне қатысты миллиардтаған қаржыны жымқыру туралы үкімді қайта қарады. Сотталғандар жазаны жеңілдетуді талап еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, «Air Астана» АҚ-да 1 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқыру және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру бойынша қозғалған резонансты іс апелляциялық сатыда қаралды. Сот алқасы бірінші инстанцияның шығарған үкімін өзгеріссіз қалдырып, сотталғандар мен олардың қорғаушыларының шағымдарын қанағаттандырудан бас тартты.

Қаржылық жымқырудың заңсыз схемасын ұйымдастырған тұлғаларға қатысты сот үкімі шықты. Қылмыстық схеманы құрған азамат 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның екі сыбайласының әрқайсысы 8 жыл 6 ай мерзімге сотталды. Сонымен қатар, сотталғандардың мүлкі тәркіленіп, 5 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды.

Сот жәбірленуші тараптың («Air Astana» компаниясының) 1 миллиард теңгеден астам соманы өндіру туралы азаматтық талап-арызын толық қанағаттандырды. Сотталғандардың тәркіленген барлық мүлкі компанияға келтірілген шығынды өтеуге бағытталатын болады.

Еске сала кетейік, осы жылдың басында Алматыда «Air Astana» әуе компаниясының бұрынғы қызметкерлеріне қатысты үкім шыққан болатын. Олар бұған дейін авиабилеттерді төмендетілген тарифтермен заңсыз жазып берумен айналысқан.