Павлодарда жаяу жүргіншілер өткелінде киім ауыстырған бойжеткенге айыппұл салынды

Автор: Дәулет Ботагөз

Тәртіп сақшылары бұл оқиғаны әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықтаған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Павлодарда полицейлер әлеуметтік желіде танымал тренд түсіремін деп, жол үстінде іш киімі мен көйлегін жайып тастаған қызды тауып, жауапқа тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тәртіп сақшылары бұл бейнероликті әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықтаған. Видеода бойжеткен өзінің жазғы образына арналған киім-кешектерін, аяқ киімі мен өзге де заттарын тура жолдың ортасына тізіп қойып, қауіпті тренд түсірген.

Полицейлер бұл кадрлардың 16 шілдеде Павлодар әуежайы маңындағы жаяу жүргіншілер өткелінде түсірілгенін анықтады. Осыдан кейін видео Instagram желісіндегі парақшалардың бірінде жарияланған.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде заң бұзушының кім екені белгілі болды.

«Құқық бұзушының жеке басы анықталды. Бойжеткен жаяу жүргіншілердің және жол қозғалысының өзге де қатысушыларының жол жүру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деп хабарлады Павлодар облысының Полиция департаментінен.

Тәртіп сақшылары желіде қаралым мен лайк жинау үшін түсірілетін мұндай оғаш роликтердің соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін ескертті. Бұл әрекеттер тек автордың өзіне ғана емес, өзге жүргізушілер мен жолаушылардың өміріне де үлкен қауіп төндіреді.