Қостанай облысындағы бәйгеде құлаған баланы аттар таптап кете жаздады (ВИДЕО)

Автор: Дәулет Ботагөз

Оқыс оқиға Бейімбет Майлин ауданының 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған ат жарысы кезінде болған

Фото: скриншот

Қостанай облысында өткен мерекелік іс-шара кезінде бәйгеге қатысқан бала аттан құлап, арты қайғылы жағдаймен аяқталуға шақ қалды. Шауып бара жатқан сәйгүліктердің астында қала жаздаған баланы полицей құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, оқыс оқиға Бейімбет Майлин ауданының 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған ат жарысы кезінде болған. Шауып келе жатқан аттардың екпіні қатты сәтте, шабандоз балалардың бірі кенеттен атынан құлап түскен. Артынан лап қойған қалың тұлпарлар жас баланы таптап кететіндей қауіпті жағдай туындады.

Сол сәтте алаңда қоғамдық тәртіпті күзетіп тұрған айдауыл қызметінің полиция сержанты Дастан Дәрібай қауіпті бірден аңғарып, жылдамдықпен әрекет еткен.

«Ол еш ойланбастан аттар шауып бара жатқан алаңға атып шығып, жерде жатқан баланы құшақтап көтеріп, қауіпті жерден сыртқа алып шықты. Осыдан кейін бала бірден кезекшілікте тұрған жедел жәрдем бригадасына тапсырылды», — деп хабарлады мекеме өкілдері.

Алдын ала ақпарат бойынша, аттан құлаған шабандоз бала қатты жарақат ала қоймаған, оның денсаулығы дәрігерлердің бақылауында. Жедел әрекет еткен тәртіп сақшысының арқасында үлкен қайғының алды алынды.