Ақмола облысында Жақсы теміржол вокзалы жаңартылды

Аталған жұмыстар еліміз бойынша 124 теміржол вокзалын қайта құру және жаңғырту бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатыр

Ақмола облысында Жақсы теміржол вокзалы жаңартылды
Фото: ҚТЖ

Ақмола облысында Жақсы теміржол вокзалының ғимаратын қайта құру жұмыстары толық аяқталды. Бұл нысан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынған ауқымды бағдарлама аясында жаңартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ресми ашылу рәсіміне Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері, теміржол саласының ардагерлері мен аудан тұрғындары қатысты. Аталған жұмыстар еліміз бойынша 124 теміржол вокзалын қайта құру және жаңғырту бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатыр.

Айта кету керек, вокзал ғимараты сонау 1960 жылы салынған және содан бері бірнеше онжылдық бойы мұндай ауқымды күрделі жөндеу көрмеген.

Жаңғырту жұмыстары барысында нысанның техникалық сипаттамалары едәуір жақсарды. Вокзалдың жалпы аумағы 203 шаршы метрден 221,8 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Жолаушылар перронының ұзындығы 388 метрден 503 метрге дейін ұзартылды.

Құрылыс барысында ғимараттың шатыры, қасбеті мен ішкі бөлмелері толық жаңартылды. Сыртқы және ішкі сумен жабдықтау, кәріз, жылу, электр желілері мен байланыс жүйелері қайта тартылды.

Ғимаратты әрлеу жұмыстарына отандық өндірушілердің заманауи құрылыс материалдары қолданылған. Ішіне жаңа жиһаздар мен қажетті құрал-жабдықтар орнатылып, вокзал маңы абаттандырылды. Сондай-шақ, ерекше қажеттілігі бар және жүріп-тұруы шектеулі жолаушылар үшін кедергісіз орта жасау мақсатында сыртқы лифт-көтергіш қойылды.

Қазіргі уақытта Жақсы станциясы арқылы Астана, Алматы, Қостанай, Арқалық, Семей, Павлодар және Маңғыстау бағыттарына қатынайтын 8 жолаушылар пойызы тұрақты түрде жүріп жатыр.