Абай облысындағы ірі орман өрті оқшауланды
Алапат өрт 16 шілдеде тұтанған болатын
Абай облысында екі күн бойы лаулаған ірі орман өрті ауыздықталды. Төтенше жағдайлар министрлігі тілсіз жаудың беті қайтарылып, өрттің толықтай оқшауланғанын ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құтқарушылардың мәліметінше, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты Бородулиха филиалының Камышенка орман шаруашылығы аумағындағы өрт ошақтары оқшауланды.
Еске сала кетейік, Абай облысындағы алапат өрт 16 шілдеде тұтанған болатын. Тілсіз жаумен күресу үшін оқиға орнына бірнеше мекеменің күштері мен құралдары жұмылдырылды. Төтенше жағдайды жоюға ТЖМ, ІІМ, ҰҚК, Қорғаныс министрлігі, Орман шаруашылығы мекемелері, жергілікті атқарушы органдар және Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары қатысты.
Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, өртті ауыздықтауға ауқымды күш жұмылдырылды. Тілсіз жаумен күреске 769 адам қатысып, жерде 191 бірлік арнайы техника жұмыс істеді. Сонымен қатар, әуеден өрт сөндіру жұмыстарына 8 тікұшақ тартылды.
Арнайы авиация көмегімен өрт ошақтарына жалпы есеппен 319 рет су шашылып, лаулаған жалынға 709 тонна су жеткізілді. Мамандардың жұмысын аймақтағы экстремалды ыстық ауа райы, өрт қаупінің жоғары деңгейі және орман ішіндегі жолсыз, баруы қиын жер бедері қатты күрделендірді. Қазіргі уақытта өртті толық өшіру жұмыстары жалғасып жатыр.