ШҚО-да Қытайға 2 тоннадан астам жанар-жағармайды заңсыз әкетпек болған шетелдіктер ұсталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Заңсыздық «Майқапшағай» кеден бекетінде әшкереленді

Фото: © istockphoto.com

Шығыс Қазақстан облысында Қытай Халық Республикасына екі тоннадан астам дизель отынын заңсыз тасымалдау әрекетінің жолы кесілді. Шетелдік жүргізушілер отынды жасырын тасу үшін көліктерін арнайы деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мекеменің мәліметінше, заңсыздық «Майқапшағай» кеден бекетінде әшкереленді. Тексеру барысында Қытай азаматтары басқарған төрт автокөліктен отынды жасырын тасымалдауға арналған қолдан жасалған қосымша бактар табылған. Осылайша, Қазақстан аумағынан шамамен 2 640 литр (2 тоннадан астам) дизель отынын заңсыз алып өту дерегі белгілі болды.

«Бұл әрекет рұқсат етілген ерекше жағдайлар санаттарына жатпайды. Яғни тасымалданған отын гуманитарлық көмек емес, ғылыми қажеттіліктерге арналған сертификатталған сынама да емес және автокөліктің зауыттық стандартты багының көлеміне де сәйкес келмейді. Осылайша, ҚХР азаматтарының әрекетінен белгіленген тыйымды тікелей сақтамау белгілері анықталды», — деп хабарлады ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті.

Заң бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың әрқайсысына 32 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Барлық жиналған материал одан әрі шара қолдану үшін ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды.

Мемлекеттік кірістер департаменті ішкі нарықты қорғау мақсатында Энергетика министрлігінің бұйрығымен елде қатаң шектеулер енгізілгенін еске салды. 

2026 жылғы 21 мамырдан 21 қарашаға дейін: Қазақстан аумағынан (соның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге) автомобиль көлігімен бензин, дизель отыны мен мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін шығаруға толық тыйым салынады.

2026 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін: ЕАЭО кедендік аумағынан тыс жерлерге жеңіл дистилляттарды, авиакеросинді, дизель отынын, газойльді, толуолды, ксилолды және мұнай битумын әкетуге тыйым салынған.