Алматыда интимдік қызмет көрсететін 430-дан астам пәтер анықталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Рейдтер барысында ұсталған интимдік қызмет көрсететін 750 әйел полиция есебіне алынды

Фото: © istockphoto.com

Алматыда жыл басынан бері жеңіл жүрісті қыздардың мекеніне айналған 430-дан астам жалдамалы пәтер әшкереленді. Тәртіп сақшылары заңсыз бизнеспен күрес шараларын күшейтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция қызметкерлері жалдамалы пәтерлерге тұрақты түрде рейд жүргізіп тұрады. Көп жағдайда үйлердің мекенжайы хабарландыру сайттары арқылы немесе мазасы қашқан көршілердің шағымы бойынша анықталады.

Мұндай жерде жұмыс істейтін қыздардың айтуынша, олар «жұмысты» интернет арқылы тапқан, ал бизнесті ұйымдастырушыларды өмірде ешқашан көрмеген. Пәтерлердегі қызмет құны да арзан емес. Мәселен, бір мекемеде орташа чек 55 мың теңгеден басталады. Қызмет ақысын тіпті танымал банк қосымшалары арқылы бөліп төлеуге де мүмкіндік жасалған.

Алматы қалалық Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев заңсыздыққа жол берген үй иелері жауапкершіліктен құтылмайтынын ескертті.

«Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері 430-дан астам осындай үй-жай анықталды. Олардың иелері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 450-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Осы бап аясында оларға 100 АЕК (432 мың теңгеден астам) көлемінде айыппұл салынды», — деді Тимур Ноғайбаев.

Сонымен қатар, рейдтер барысында ұсталған интимдік қызмет көрсететін 750 әйел полиция есебіне алынды. Жедел-профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.