Синоптиктер тұрғындарға көшеде ұзақ жүрмеуді және денсаулыққа сақтықпен қарауды ұсынады
18 шілдеде Қазақстанның ірі мегаполистері мен бірнеше өңірінде қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болады. Синоптиктер тұрғындарға көшеде ұзақ жүрмеуді және денсаулыққа сақтықпен қарауды ұсынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжамы бойынша, зиянды заттардың ауада жиналуы Алматы қаласында тәулік бойы, ал Астана, Жезқазған, Қарағанды, Петропавл және Теміртау қалаларында түнгі уақытта байқалады.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – бұл атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді факторлардың жиынтығы. Мамандардың мәліметінше, бұл қалаларда баяу жел, инверсия және тұман сияқты факторлар бірігіп, жерге жақын қабатта ластаушы заттардың шоғырлануына әкеп соғады. Мұндай жағдай адам денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін.
Ауаның ластануы кезінде мамандар келесі ережелерді сақтауды ұсынады:
1.Тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын жерде ұзақ жүрмеген абзал.
2.Өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және аллергияға бейім жандар өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүруі тиіс.
3.Таза ауада спортпен шұғылдануды немесе ауыр физикалық жұмыс істеуді уақытша тоқтата тұрған жөн.