Астанада заңсыз концерт өтіп, жастардың жалаңаштанып жүрген видеосы тарады

Автор: Асыл Арман

Тексеру кезінде тар жертөле ішінде шамамен 65 адам болған, олардың 28-і – кәмелетке толмаған

Фото: Видеодан скрин

Астанада тұрғын үйдің жертөлесінде заңсыз ұйымдастырылған концерт анықталды. Іс-шараға шамамен 65 адам жиналған. Ұйымдастырушылар жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елордалық полицияға сілтеме жасап.

Астана қаласы полиция департаментінің Instagram парақшасында хабарланғандай, полиция қызметкерлері тұрғындардың шағымынан кейін көрсетілген мекенжайға барған. Тұрғындардың айтуынша, көпқабатты үйдің ауласында бір топ жас қатты шулап, қоғамдық тыныштықты бұзған.

Тексеру барысында үйдің жертөлесінде «жерлеу концерті» деп аталған іс-шараның өтіп жатқаны анықталған. Белгілі болғандай, концерт жергілікті атқарушы органдармен алдын ала келісілмей ұйымдастырылған.

«Тексеру кезінде тар жертөле ішінде шамамен 65 адам болған, олардың 28-і – кәмелетке толмаған. «Жерлеу концерті» барысында қатысушылар мошпит ұйымдастырып, кейбірі киімдерін шешіп, бір-бірін итеріп, өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген. Сонымен қатар, мекемеде алкоголь өнімдері сатылған», – деп мәлімдеді Астана қаласының полиция департаменті.

Полицияның мәліметінше, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және кәмелетке толмағандарға қатысты құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу мақсатында іс-шараға қатысушылардың барлығы полиция бөліміне жеткізілген.

«Заң бұзушылыққа жол берген ұйымдастырушылар жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандармен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді», – деп толықтырды полиция.