Биыл мұнайға қатысты емес сектордың өсу қарқыны тұрақты түрде 5% асты
Үкімет отырысына премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026 жылғы қаңтар-маусымдағы елдің әлеуметтік-жкономикалық даму көрсеткішін айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қаңтар-маусымның қорытындылары бойынша экономиканың өсуі 4,1% құрап, қаңтар-мамырмен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа жеделдеді. Оң динамика нақты сектордағы өсу қарқынының биылғы қаңтар-мамырдағы 4 пайыздан 5,1%-ға дейін ұлғаюы есебінен болған. Қызмет көрсету саласында да тұрақты өсу сақталып, қызметтер көлемі 3,5%-ға ұлғайды. Экономика өсуінің негізгі драйвері мұнайға қатысты емес сектор болып отыр. Биыл мұнайға қатысты емес сектордың өсу қарқыны тұрақты түрде 5%-дан асты», - деді Жұманғарин.
Оның айтуынша, салалар арасында ең жоғары өсуді құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік қызметтері және сауда көрсетіп отыр.
«Осы салалардың жалпы ішкі өнімнің өсуіне қосқан жиынтық үлесі шамамен 85%-ды құрайды. Оң динамика ауыл шаруашылығы мен байланыс қызметтерінде де сақталып отыр.Инвестициялар өсу драйвері болып қала береді. Бірінші жарты жылдықта негізгі капиталға салынған инвестициялар 9,5 трлн теңгені құрап, 9,6%-ға өсті. Оның ішінде жеке инвестициялар 21,4%-ға ұлғайды.Инвестициялардың неғұрлым көп өсуі келесі салаларда байқалады: ақпарат және байланыста – 2,3 есеге, құрылыста – 38,7%-ға, өңдеу өнеркәсібінде – 33,3%-ға, ауыл шаруашылығында – 24,6%-ға, көлік саласында – 11,6%-ға. Инвестициялардың жоғары өсуі Ұлытау, Жамбыл, Түркістан, Абай облыстарында байқалады.Негізгі капиталға салынған инвестициялардың құрылымы өзгеруде. Жеке инвестициялардың үлесі 87% құрады», - деді ол.
Жұманғариннің айтуынша, қаңтар-мамырда сыртқы сауда айналымы 56,3 млрд долларды құрады.
«Тауарлар экспорты 30,4 млрд долларды құрады, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты – 11,8 млрд доллар. Тауарлар импорты 26 млрд долларды құрады.4,4 млрд доллардан астам көлемде оң сауда балансы сақталып отыр. Өңдеу өнеркәсібі өсудің негізгі драйверлерінің бірі. Өндіріс көлемінің өсуі 9,8%-ды құрады. Бұл қаңтар-мамырдағы көрсеткіштен 0,8 пайыздық тармаққа жоғары.17 өңірде өсу тіркелді. Экономикалық өсудің белсенді саясаты жалғасып жатыр.Басымдық берілетін салаларды қаржыландыру үшін бюджеттен «Бәйтерек» холдингіне көзделген 1 трлн теңгенің бүгінгі таңда 398 млрд теңгесі бөлінді. Холдинг жалпы сомасы 5,1 трлн теңгеге жобаларды қаржыландырды», - деді ол.