Джеки Чан әйгілі фильмінің түсіріліміне қатысу үшін Маңғыстау облысына барды

Фильмнің басты түсірілім орындарының бірі – әлемге әйгілі Бозжыра шатқалы

Джеки Чан әйгілі фильмінің түсіріліміне қатысу үшін Маңғыстау облысына барды
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Әлемге танымал актер Джеки Чан өзінің әйгілі фильмінің түсіріліміне қатысу үшін Маңғыстау облысына барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Джеки Чан Armour of God: Ultimatum («Доспехи Бога 4: Ультиматум») көркем фильмінің түсіріліміне қатысу үшін арнайы барды. Оны облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қарсы алды.

«Фильмнің басты түсірілім орындарының бірі – әлемге әйгілі Бозжыра шатқалы болмақ. Кездесу барысында Нұрдәулет Қилыбай мұндай ауқымды халықаралық жобалардың өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, инвестиция тартуға және Маңғыстаудың әлемдік деңгейдегі танымалдылығын күшейтуге зор серпін беретінін атап өтті. Джеки Чан жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, Маңғыстаудың табиғи ландшафттары ерекше кинематографиялық әлеуетке ие екенін және болашақ фильмнің ең көрнекті көріністерінің біріне айналатынын айтты», – делінген әкімдік хабарламасында.

Armour of God: Ultimatum («Доспехи Бога 4: Ультиматум») Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Фильмнің өндірісімен қазақстандық Sәlem Entertainment компаниясы айналысады.