Астанада түнгі уақытта тыр жалаңаш жүрген ер адам алдағы 25 күнін қамауда өткізетін болды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Ол осыған дейін тыр жалаңаш өзен жағасында жүріп, лайықты жазасын алған

Фото: Видеодан скрин

Астанада полиция қызметкерлері түнгі уақытта тыр жалаңаш жүрген ер адамды қолға түсірді. Ол енді алдағы 25 күнін қамауда өткізетін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция қызметкерлері түн ортасында тұрғын үйлердің бірінің ауласында жалаңаш жүріп, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, өзгелерге құрметсіздік танытқан 48 жастағы ер адамды анықтап, ұстады.

Белгілі болғандай, бұл оның алғашқы әрекеті емес. Осыған дейін де аталған азамат өзенге жалаңаш күйде түсіп, жұртшылықтың назарын аударған. Алайда бұрынғы оқиғадан тиісті қорытынды шығармаған.

Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, құқық бұзушы орташа дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған.

«Соттың қаулысымен ұсақ бұзақылық жасағаны үшін құқық бұзушыға 25 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды. Полиция қоғамдық тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың міндеті екенін еске салады. Азаматтардың тыныштығын бұзып, қоғамға анық құрметсіздік білдіретін кез келген заңсыз әрекетке дереу тосқауыл қойылып, кінәлілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптылыққа тартылады», – делінген Астана қаласының Полиция департаменті хабарламасында.