Қазақстанда жер телімін енді тек қана онлайн заңдастыруға болады

 Өзгеріс 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енді

Қазақстанда жер телімін енді тек қана онлайн заңдастыруға болады
Фото: ЖИ арқылы жасалды

Қазақстанда 2026 жылғы 12 шілдеден бастап жер учаскесіне мемлекеттік акт беру тәртібі өзгерді. Енді бұл мемлекеттік қызмет Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы көрсетілмейді. Құжатты рәсімдеу толықтай электронды форматқа көшірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өзгерістер Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің тиісті бұйрығына сәйкес күшіне енді. Енді жер учаскесіне мемлекеттік акт алу үшін азаматтар eGov.kz порталы арқылы авторизациядан өтіп, қажетті қызметті таңдап, өтінімді толтырып, оны электрондық қолтаңба немесе басқа да қолжетімді электрондық сәйкестендіру тәсілі арқылы растауы қажет.

Өтінім қаралғаннан кейін дайын мемлекеттік акт пайдаланушының eGov.kz порталындағы жеке кабинетіне жолданады.

Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, қызметті толық цифрлық форматқа көшіруге азаматтардың электронды қызметті белсенді пайдалануы себеп болған.

«Бұған дейін жер учаскесіне мемлекеттік акт алу үшін азаматтар ХҚКО-ға жеке жүгінетін. Алайда кейінгі уақытта өтініштердің 96 пайызы онлайн берілгендіктен, 12 шілдеден бастап қызмет толықтай электронды форматқа ауыстырылды», - деді ол.

Сонымен бірге интернет арқылы өтініш бере алмайтын азаматтар үшін балама мүмкіндік сақталған. ХҚКО-ларда өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары жұмысын жалғастырады. Онда азаматтар электрондық сервистердің көмегімен мемлекеттік актіні өз бетінше рәсімдей алады.

Яғни, ХҚКО қызметкерлері енді жер учаскесіне мемлекеттік акт алуға өтініш қабылдамайды. Дегенмен орталықтар азаматтарға цифрлық қызметтерді пайдалану үшін қажетті техникалық мүмкіндікті ұсынуды жалғастырады