Марқұмдар 8 және 12 жастағы апалы-сіңлі болған
Ақмола облысында жеңіл көлік су айдынына түсіп кетіп, кәмелетке толмаған екі қыз қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, марқұмдар 8 және 12 жастағы апалы-сіңлі болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақмола облыстық ТЖД мәліметінше, қайғылы жағдай Целиноград ауданындағы су басқан карьерлердің бірінде болған.
Алдын ала дерек бойынша, ішінде кәмелетке толмаған балалар болған жеңіл көлік әзірге белгісіз себеппен суға қарай сырғып кеткен.
Оқиға орнына Ақмола облысы мен Астананың ТЖД күштері жұмылдырылды. Құтқарушылар келген кезде полиция қызметкерлері оқиға орнында болған.
Мамандар көлікті судан шығарды. Оның салонынан екі қыздың денесі табылған.
Sinegor.kz мәліметінше, қаза тапқан қыздар 8 және 12 жастағы апалы-сіңлі.
Алдын ала ақпарат бойынша, 11 шілдеде отбасы Қызылжар ауылы маңындағы жасанды су айдынына түнеп демалуға келген.
Таңертең суға түскеннен кейін екі қыз жағада тұрған көлікке киім ауыстыру үшін кірген. Сол сәтте автомобиль кенет қозғалып, еңіспен төмен сырғып, суға түсіп кеткен.
Балалардың әкесі оларды бірден құтқаруға тырысқан. Алайда көлік есіктерін аша да, терезесін сындыра да алмаған. Автомобиль қысқа уақыт ішінде су астына батып кеткен.
Қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеуді Ақмола облысының полиция департаменті жүргізуде.