Бұл шара таңғы сағат 09:00-де басталды
Таңғы сағат 09:00-ден бастап «Қазанат» ипподромы іс-шараның басты алаңына айналып, елорда тұрғындары мен қонақтарын қарсы алды. Мұнда Қазақстанның барлық өңірінен келген өндірушілердің, шетелдік қонақтардың, халық шеберлерінің, спортшылардың, өнерпаздар мен мыңдаған келушінің басын қосқан BaiQymyz-2026 халықаралық гастрономиялық фестивалі өз жұмысын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
BaiQymyz-2026 – жай ғана қымыз фестивалі емес. Бұл – ұлттық дәстүр мен заманауи форматтарды тоғыстырған ауқымды мәдени іс-шара.
Мұнда гастрономия, этномәдениет, ат спорты, музыка, қолөнер және креативті индустриялар бір арнада тоғысып, үлкен мерекенің ажырамас бөлігіне айналған. Фестиваль қазақтың мәдени мұрасын кеңінен насихаттап қана қоймай, Қазақстанның ең танымал оқиғалық брендтерінің біріне айналатын жаңа жыл сайынғы дәстүрлі іс-шараларды қалыптастыруды мақсат етеді.
Биылғы фестивальдің басты ерекшелігі – 56 тонна қымыздың ұсынылуы. Бұл көрсеткішті Қазақстанның жаңа жетістігі ретінде Қазақстанның рекордтар кітабына (КИнЭС) енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ еліміздің әр өңірінен және Ресей Федерациясынан келген 59 қымыз өндіруші «Үздік қымыз өндіруші» атағы үшін сынға түсуде.
Фестиваль аумағында екі күн бойы этноауылдар, суретшілер мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрмелері, жәрмеңкелер, гастрономиялық алаңдар жұмыс істейді. Сонымен қатар шеберлік сабақтары, түрлі байқаулар мен интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылып, келушілер қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрімен жақынырақ таныса алады.
BaiQymyz-2026 аясындағы басты оқиғалардың бірі – ASIA KOKPAR LEAGUE және ER QANATY ұйымдарымен бірлесіп ұйымдастырылған халықаралық ат спорты шоуы. Бағдарламаға жылқы шеруі, көкпар, шөген, аударыспақ жарыстары, жауынгерлік аттардың көрсетілімі, кәсіби шабандоздардың өнері және ұлттық ат ойындарымен үндестірілген ат үстіндегі квиддич енгізілген.
Балалы отбасылар үшін BaiQymyz Qulynshaq арнайы этноалаңы жұмыс істейді. Мұнда бүлдіршіндер ұлттық ойындармен танысып, садақ атудан, панна-футболдан бақ сынай алады, ойын алаңдарына, лабиринттерге және дәстүрлі «Алтыбақанға» қатысады. Ең көп күтілген шаралардың бірі – BaiQymyz Qoshaqan балалар родеосы болса, фестивальдің екінші күні жас шабандоздар арасында конкур жарысы өтеді.
Кешке фестиваль қонақтарына арнап қазақстандық танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концерттер ұйымдастырылады.
Сахнада Sadraddin, Қазыбек Құрайыш, Ғазизхан Шекербек, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі, Жұбаныш Жексен, Қайрат Байекенов пен Format тобы, Қыдырәлі Болманов, Қарақат Әбілдина және т.б. өнер көрсетеді.