Павлодарда мас кезінде көлік жүргізген әйелге көмектескен полицей сотталды

Тәртіп сақшысы заң бұзушының жазасын жеңілдету үшін оның «жүктілігі» туралы жалған құжат әзірлеуге көмектескен

Павлодарда мас кезінде көлік жүргізген әйелге көмектескен полицей сотталды
Фото: © istockphoto.com

Павлодар облысында куәлігі жоқ және мас кезінде көлік тізгіндеген әйелден пара алған полиция қызметкері сотталды. Тәртіп сақшысы заң бұзушының жазасын жеңілдету үшін оның «жүктілігі» туралы жалған құжат әзірлеуге көмектескен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық прокуратураға сілтеме жасап.

Ақсу қаласында полиция қызметкерлері көлік тізгініндегі әйел адамды мас кезінде ұстаған, оның үстіне баяғыда көлік айдау құқығынан айырылғаны анықталған. Заң бойынша мұндай құқық бұзушылық үшін бірнеше тәулікке қамау жазасы қарастырылған. Алайда, іс сотта қаралған кезде әйелдің атынан жүктілігі туралы медициналық анықтама ұсынылып, соның арқасында ол қамаудан құтылып, тек айыппұлмен ғана шектелген.

Кейінірек бұл медициналық анықтаманың мүлдем жалған екені әрі ешқандай ауруханада тіркелмегені әшкере болды. Тергеу барысында полиция бөлімінің қызметкері заң бұзған әйелден пара алып, оған жалған құжат рәсімдеуге көмектескені анықталды. Нәтижесінде ол кінәлі тұлғаның әкімшілік қамау түріндегі жазадан жалтаруына жағдай жасаған.

Сот шешімімен полиция қызметкері пара алу және әкімшілік іс бойынша айғақтарды қолдан жасау баптары бойынша кінәлі деп танылды.

Сыбайлас жемқорлыққа бой алдырған экс-шенеунікке 6,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, ол өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымды жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Сот үкімімен сотталған азамат өзінің арнайы полиция шенінен де айырылды. Ал оның әйелден пара ретінде алған ақшалай қаражаты тәркіленіп, мемлекет кірісіне аударылды.