Салтанатты шараға қала әкімі Дархан Сатыбалды мен «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова қатысты
Алматыда тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж 885 отбасы коммуналдық тұрғын үй қорынан жаңа пәтерлердің кілтін алады. Салтанатты шараға қала әкімі Дархан Сатыбалды мен «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Шаһар басшысының айтуынша, азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету — мемлекеттік әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Биыл Алматыда барлығы 11 мыңнан астам мұқтаж жанның тұрғын үй мәселесін шешу жоспарланып отыр.
885 пәтерді табыстау — бұл ауқымды тұрғын үй жобасының алғашқы кезеңі ғана. Жыл соңына дейін жұмыс бірнеше кезең бойынша жалғасып, екінші кезеңде — 1 832 пәтер, үшінші кезеңде — 670 пәтер, ал төртінші кезеңде 6 161 пәтер тұрғындарға беріледі.
Осылайша, 2026 жылы 8 250 азамат жалдамалы баспанамен қамтылады. Бұдан бөлек, 1 298 адам жеңілдікті несие бағдарламаларымен үй алса, «Алматы жастары» бағдарламасы аясында 1 650 жас маман өз үйінің иесі атанбақ.
Мемлекет баспана берумен ғана шектелмей, қосымша қолдау шараларын да қарастырып отыр. Әлеуметтік жағынан осал топтар үшін ипотеканың бастапқы жарнасын жартылай жабатын тұрғын үй сертификаттары беріледі. Биыл 200 осындай сертификат үлестіру көзделген.
Сондай-ақ, қалада пәтер жалдап тұратын мұқтаж отбасылар үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау (мемлекет есебінен төлеу) механизмі де өз жұмысын жалғастырады.