Жыл басынан бері өңірде кене энцефалитінің 6 дерегі, боррелиоздың 2 жағдайы және туляремияның 1 оқиғасы ресми түрде зертханалық әдіспен расталды
Ақмола облысында кене саны артып, зардап шеккендер саны күрт көбейді. Жыл басынан бері өңірде кене энцефалитінің 6 дерегі, боррелиоздың 2 жағдайы және туляремияның 1 оқиғасы ресми түрде зертханалық әдіспен расталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Серік Омархановтың мәлімдеуінше, биыл кене шағу салдарынан медициналық көмекке жүгінгендер саны 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,2 есе артқан.
Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері өңірде 791 адам кене уынан зардап шекті (өткен жылы 678 адам болған). Қорғаныссыз қалғандардың арасында 14 жасқа дейінгі 198 бала бар. Дәрігерлер көмегіне жүгінген 591 адамға иммуноглобулинмен профилактикалық ем жүргізілді. Қалған 200 адам түрлі себептермен (кеш бару, медициналық қарсы көрсетілімдер немесе өздігінен бас тарту) бұл екпені алмаған.
Ең көп шағымдар туристік және орманды аймақтардан түскен. Олардың көш басында Бурабай ауданы (230 жағдай), Көкшетау қаласы (200 жағдай) және Сандықтау ауданы (152 жағдай) тұр.
Сандықтау ауданы кене энцефалиті бойынша қауіпті өңір деп танылған. Мұнда жыл сайын 99 гектар демалыс орны арнайы дәрілермен өңделеді. Дегенмен, кенелер тек энцефалит қана емес, туляремия секілді аса қауіпті жұқпалы ауруларды да таратады.
«Маусым айының басында Қосшы қаласының тұрғынынан туляремияның тері формасы анықталды. Ол Сандықтау ауданындағы саяжайында жүргенде кене шағып алғанын айтты», — деді Серік Омарханов.
Дәрігерлер кене шаққан сәттен бастап алғашқы 72 сағат (3 тәулік) ішінде ауруханаға көріну критикалық тұрғыда маңызды екенін ескертеді. Денеден алынған кене зертханаға тегін тексеруге жіберіледі. Қазіргі уақытта облыста шұғыл егу үшін иммуноглобулиннің 464 дозасы бар.