Синоптиктер Қазақстанның барлық өңіріне дауылды ескерту жариялап, 46 градусқа дейін аптап ыстық пен жоғары өрт қаупі сақталатынын ескертті
Синоптиктер 11 шілдеге Астана қаласы мен Қазақстанның барлық өңіріне дауылды ескерту жариялады. Елдің бірқатар аймақтарында жаңбыр, найзағай, кей жерлерде нөсер, бұршақ, дауыл, тұман, шаңды дауыл күтіледі. Кей өңірлерде ауа температурасы 40-46 градусқа дейін көтеріледі. Сонымен қатар жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Астанада күндіз аптап ыстық болып, ауа температурасы 35-37 градусқа дейін жетеді.
Ақмола облысында күндіз облыстың солтүстігі мен шығысында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсуі мүмкін. Солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні облыстың солтүстігі мен шығысында секундына 15-20 метрге жетеді. Күндіз ауа температурасы 35-39 градусқа дейін көтеріліп, батысы мен оңтүстігінде 40 градусқа дейінгі аптап ыстық болады. Жоғары өрт қаупі сақталады. Көкшетауда күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады.
Солтүстік Қазақстан облысында күндіз облыстың батысы мен солтүстігінде өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Түнде және таңертең батысы мен оңтүстігінде тұман күтіледі. Петропавлда күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады.
Қостанай облысында облыстың батысы мен солтүстігінде өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз бұршақ түсіп, дауыл соғуы мүмкін. Оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні облыстың батысы мен солтүстігінде секундына 15-20 метрге жетеді. Күндіз ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріліп, оңтүстігінде 40 градусқа дейінгі аптап ыстық болады. Қостанайда күндіз 35-37 градус ыстық күтіледі.
Павлодар облысында түнде облыстың солтүстігінде аздаған жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз облыстың батысында, оңтүстігінде және шығысында жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Солтүстіктен соққан желдің екпіні күндіз батысында, оңтүстігінде және шығысында секундына 15-20 метрге жетеді. Облыстың батысы мен шығысында жоғары, оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады. Павлодарда күндіз жаңбыр жауып, найзағай болады. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Қарағанды облысында күндіз солтүстік-шығыстан жел соғады, шығысы мен оңтүстігінде екпіні секундына 15 метрге жетеді. Ауа температурасы 35-39 градусқа дейін көтеріледі. Шығысында жоғары, солтүстігі мен батысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Ұлытау облысында күндіз солтүстік-шығыстан жел соғып, шығысында екпіні секундына 15 метрге жетеді. Ауа температурасы 40-41 градусқа дейін көтеріліп, аптап ыстық болады. Жезқазғанда күндіз 36-39 градус ыстық күтіледі.
Шығыс Қазақстан облысында күндіз облыстың солтүстігінде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсуі мүмкін. Солтүстік-батыс және солтүстік желдің екпіні облыстың солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде секундына 15-20 метрге, күндіз екпіні 23 метрге дейін жетеді. Солтүстігі мен оңтүстігінде жоғары, солтүстік-батысында, оңтүстік-шығысында және орталығында төтенше өрт қаупі күтіледі. Өскеменде күннің екінші жартысында өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Төтенше өрт қаупі сақталады.
Абай облысында күндіз облыстың солтүстігінде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсуі мүмкін. Солтүстік және солтүстік-шығыс желінің екпіні облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде және орталығында секундына 15-20 метрге, кей жерлерде 23-28 метрге дейін күшейеді. Оңтүстік-батысы мен орталығында жоғары, солтүстігі мен оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады. Семейде күннің екінші жартысында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.
Алматы облысында күндіз таулы аудандарда өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Солтүстік-шығыс желі таулы өңірлерде секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Күндіз ауа температурасы 35-39 градусқа дейін көтеріліп, облыстың солтүстігі мен орталығында 40-42 градусқа дейінгі аптап ыстық болады. Солтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Алматыда күндіз 35-37 градус, Қонаевта 35-37 градус ыстық болады. Іле Алатауының таулы аймақтарында күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай күтіледі.
Жетісу облысында күндіз таулы аудандарда өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Солтүстік-шығыс желінің екпіні облыстың шығысы мен солтүстігінде секундына 15-20 метрге жетеді. Күндіз ауа температурасы 35-39 градусқа дейін көтеріледі. Солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Талдықорғанда күндіз 35-39 градус ыстық күтіледі.
Жамбыл облысында күндіз таулы аудандарда өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Солтүстік-шығысында шаңды дауыл күтіледі. Солтүстік-шығыс желінің екпіні облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және таулы аудандарында секундына 15-20 метрге жетеді. Күндіз ауа температурасы 38-42 градусқа дейін көтеріледі. Шығысында жоғары, батысы мен солтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Таразда күндіз 38-40 градус ыстық болады.
Түркістан облысында күндіз таулы аудандарда өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Батысы мен солтүстігінде шаңды дауыл күтіледі. Солтүстік-шығыс желінің екпіні облыстың батысында, солтүстігінде, таулы және тау бөктеріндегі аудандарында секундына 15-20 метрге жетеді. Күндіз ауа температурасы 40-43 градусқа дейін көтеріледі. Жоғары өрт қаупі сақталып, батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде және орталығында төтенше өрт қаупі күтіледі. Шымкентте күндіз желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетіп, ауа температурасы 40-42 градус болады. Жоғары өрт қаупі сақталады. Түркістан қаласында шаңды дауыл болып, ауа температурасы 40-43 градусқа дейін көтеріледі.
Қызылорда облысында күндіз облыстың оңтүстігі мен орталығында шаңды дауыл күтіледі. Солтүстік және солтүстік-шығыс желінің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Күндіз ауа температурасы 40-43 градусқа дейін көтеріледі. Жоғары өрт қаупі сақталып, облыстың орталығы мен оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі күтіледі. Қызылордада күндіз шаңды дауыл болып, ауа температурасы 40-42 градусқа дейін жетеді. Төтенше өрт қаупі сақталады.
Ақтөбе облысында түнде облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз солтүстігінде аздаған жаңбыр жауып, найзағай, ал батысы мен орталығында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде тұман болады. Солтүстік және солтүстік-шығыс желінің екпіні облыстың оңтүстігінде, батысында және орталығында секундына 15-18 метрге жетеді. Күндіз ауа температурасы 35-39 градусқа дейін көтеріліп, оңтүстік-шығысында 40-42 градусқа дейінгі аптап ыстық болады. Оңтүстігі мен шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Ақтөбеде түнде жаңбыр жауып, найзағай болады, күндіз аздаған жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріледі.
Атырау облысында таңертең және күндіз облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Шығыстан соққан жел оңтүстік-батысқа ауысып, шығысында екпіні секундына 15-18 метрге жетеді. Күндіз ауа температурасы 35-39 градусқа дейін көтеріліп, шығысында 40-42 градусқа дейінгі аптап ыстық болады. Батысында жоғары өрт қаупі сақталады. Атырауда күндіз ауа температурасы 35-38 градус болады.
Маңғыстау облысында облыстың солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз ауа температурасы 43-46 градусқа дейін көтеріліп, өте қатты ыстық күтіледі. Солтүстік-шығысы мен орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.
Батыс Қазақстан облысында күндіз облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр жауып, найзағай болады, бұршақ түсуі мүмкін. Солтүстік-шығыс желінің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Күндіз ауа температурасы 35-38 градусқа дейін көтеріледі. Батысында жоғары өрт қаупі күтіледі. Оралда күндіз ауа температурасы 35 градус болады.