Зардап шеккендер арасында 35 жастағы жүкті әйел ең ауыр жарақат алған
Ақтөбе облысының Байғанин ауданында байланыс мұнарасы дүкеннің үстіне құлаған кезде зардап шеккен жүкті әйел санитариялық авиациямен Ақтөбе қаласына жеткізілді. Бұл туралы өңірлік Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Дәрігерлердің мәліметінше, 35 жастағы жүкті әйел ең ауыр жарақат алған. Алғашқы тексеруден, қажетті диагностикалық зерттеулерден және жағдайы тұрақтандырылғаннан кейін ол шұғыл түрде санитариялық авиация арқылы Ақтөбе қаласындағы №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі уақытта науқас бейінді мамандардың бақылауында. Дәрігерлер консилиум өткізіп, тексеру мен емдеу жұмысын жалғастырып жатыр.
Тағы екі зардап шегуші Байғанин аудандық ауруханасында ем қабылдап жатыр. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, олардың жағдайы тұрақты, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Барлық науқасқа қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Қайрат Аманшевтің айтуынша, мамандар оқиға орнында жұмыстарын жалғастырып жатыр. Нөсер жаңбыр мен қатты дауыл салдарынан аудан орталығында тағы қандай нысандардың зақымданғаны әзірге нақтыланбаған. Толық ақпарат кейінірек жарияланады.
Еске салайық, 9 шілде күні кешке Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында екпіні күшті желдің салдарынан байланыс мұнарасы бір қабатты дүкен ғимаратының үстіне құлаған. Құтқарушылар үйінді астынан алты адамды алып шықты, олардың үшеуі жарақат алған. Зардап шеккендердің арасында үш бала мен жүкті әйел болған.
Бұған дейін Байғанин ауданында табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланғаны хабарланған еді. Кейін құлаған байланыс мұнарасы «Қазақтелеком» АҚ-ға тиесілі екені белгілі болды.