Ақтөбеде сержант қатардағы жауынгерді ұрып-соққаны үшін сотталып тынды

Автор: Асыл Арман

Соққыға жыққаны үшін оған өтемақы төледі

Фото: istockphoto.com

Ақтөбеде қатардағы жауынгерге күш көрсетіп, денсаулығына зақым келтірген әскери қызметші темір торға тоғытылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тергеу органдары сержантқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 451-бабының 1-бөлігі бойынша жәбірленушінің денсаулығына елеулі зиян келтіруге әкеп соққан, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тақты.

Сержант мерзімді әскери қызметшілерге жауапты бола отырып, әскери қызметшінің денсаулығына орташа ауыр зиян келтіріп, соққыға жыққан. Мемлекеттік айыптаушы сержантқа бас бостандығынан айырумен байланысты жаза тағайындауды сұрады.

Өз кезегінде сержант кінәсін мойындамай, ақтап шығаруды сұрады. Азаматтық талап қоюды ішінара мойындап, жәбірленушінің пайдасына тек өкілдің қызметіне ақы төлеуге байланысты сот шығындарын ғана өндіруді сұрады.

«Жәбірленуші соттан сотталушыға заң талаптарына сәйкес жаза тағайындауды және азаматтық талап қоюды қанағаттандыруды сұрады. Сотталушының кінәсі сот сараптамасының қорытындысымен, жәбірленушінің, куәлардың және сарапшының айғақтарымен дәлелденді. Ақтөбе гарнизонының әскери соты К.-ны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 451-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оны 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», – делінген соттың хабарламасында.

Жәбірленушінің пайдасына моральдық зиянды өтеу есебіне 700 000 теңге, сондай-ақ өкілдің қызметіне ақы төлеуге байланысты сот шығындары ретінде 900 000 теңге өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.