Оралда полиция қызметкерлері өрт болған үйге дереу жетіп, 15 адамды құтқарып қалды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Өрт көпқабатты үйдің алтыншы қабатынан шыққан

Фото: istockphoto.com

Оралдағы Самал көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің алтыншы қабатынан өрт шығып, оқиға орнына алғаш болып полиция қызметкерлері жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алдын ала мәлімет бойынша баспалдақ алаңында жеке заттар жанған.

ІІМ мәліметінше, өрт туралы хабарлама түскен бойда оқиға орнына алғашқылардың бірі болып патрульдік полиция инспекторлары Азамат Тілеков пен Әлихан Аманғалиев жетті. Олар төтенше жағдайлар қызметі келгенге дейін тұрғындарды жедел эвакуациялап, қауіпсіз жерге шығарды.

Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында 15 тұрғын, оның ішінде үш бала құтқарылды. Сондай-ақ бір адам қауіпсіз жерге шығарылып, жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.

«Кейін төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өртті жедел оқшаулап, толықтай сөндірді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Полиция қызметкерлерінің кәсіби әрі батыл әрекетінің нәтижесінде тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, адам шығынына жол берілмеді», – делінген хабарламада.