Өрт сөндіру жұмысы жүріп жатыр
Астанада қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында шыққан ірі өртті сөндіру жұмысы жүріп жатыр. Түнде елорда тұрғындары әлеуметтік желілерде оқиғаның фото және бейнематериалдарын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт Байқоңыр ауданындағы Алаш тас жолы бойында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында шыққан.
Оқиға орнында ТЖМ бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Өртті сөндіруге 100-ге жуық маман мен 47 арнайы техника жұмылдырылған.
Ведомствоның мәліметінше, қою түтін мен тұрмыстық қалдықтардың жану жылдамдығы салдарынан өртті сөндіру жұмысы күрделене түскен. Соған қарамастан, өртті оқшаулау және толық сөндіру үшін барлық қажетті шара қабылданып жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігі жағдайдың бақылауда екенін және оқиға орнындағы жұмыстардың жалғасып жатқанын мәлімдеді.