Ақтөбе облысында мұғалімдерге 5 млрд теңге көлеміндегі демалыс ақысы уақытында төленбеген

Автор: Алмас Ерсін

Прокуратураның араласуынан кейін педагогтердің бұзылған құқықтары қалпына келтірілді

Фото: © istockphoto.com

Ақтөбе облысында 1 шілдеден бастап жыл сайынғы еңбек демалысына шыққан мыңдаған педагог әлі күнге дейін демалыс ақысын алмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.

Мәселе мұғалімдердің редакцияға жолдаған шағымынан кейін белгілі болды. Олардың айтуынша, демалыс ақысы әлі аударылмаған, ал бұған бюджеттен қаржының түспеуі себеп ретінде көрсетілген.

«Педагогтердің еңбек демалысы – заңмен кепілдендірілген құқық. Демалыс ақысы уақытында төленбесе, бұл тынығу кезеңі емес, алаңдаушылық пен белгісіздікке айналады. Біз демалыс ақысының неге уақытында төленбегенін және қашан берілетінін білгіміз келеді», – делінген мұғалімдердің үндеуінде.

Облыстық білім басқармасы төлемдер бюджеттен қаражаттың түсуіне қарай жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Басқарма басшысының орынбасары Ақкенже Тындыбаеваның айтуынша, 1 маусымнан бастап демалысқа шыққан педагогтерге жалақысы мен демалыс ақысы толық төленген.

«Біз кесте жасадық. 1–10 шілде аралығында еңбек демалысына шыққан педагогтерге бюджеттен қаржы түскен бойда демалыс ақысын кезең-кезеңімен төлейміз», – деді ол.

Өңірде шамамен 26 мың мұғалім еңбек етеді. Шілде айында демалысқа шыққан педагогтердің демалыс ақысын төлеуге шамамен 5 млрд теңге қажет.

Кейінірек білім басқармасы барлық төлемді 10 шілдеге дейін толық аударуды жоспарлап отырғанын хабарлады.