Жаңа норма нан, ұн, сүт өнімдері, жұмыртқа, қант, ет және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне кіретін өзге де өнімдерді шығаратын кәсіпорындарды қамтиды
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілеріне электр энергиясын қазіргі тарифтен 20%-ға дейін арзан бағамен сатып алуға мүмкіндік берілуі мүмкін. Тиісті өзгерістерді Ұлттық экономика министрлігі қоғамдық маңызы бар нарықтардағы баға белгілеу қағидаларына енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрліктің мәліметінше, жаңа тетік ең алдымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуге бағытталған. Ведомство электр энергиясы өндіріс шығындарының негізгі бөлігін құрайтынын атап өтеді. Сондықтан тарифтің төмендеуі кәсіпорындардың шығынын азайтып қана қоймай, өнімнің түпкілікті бағасын тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік береді деп есептейді.
Сонымен қатар жеңілдетілген тариф барлық кәсіпорынға бірдей берілмейді. Ол үшін өндіруші орталық мемлекеттік органмен немесе жергілікті әкімдікпен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру жөнінде меморандум жасасуы қажет. Бұдан бөлек, төмендетілген тариф тек осы өнімдерді өндіруге жұмсалған электр энергиясының көлеміне ғана қолданылады.
Жаңа норма нан, ұн, сүт өнімдері, жұмыртқа, қант, ет және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне кіретін өзге де өнімдерді шығаратын кәсіпорындарды қамтиды. Министрлік бұл бастама отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ішкі нарықтағы азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтауға оң әсер етеді деп отыр.
Айта кетейік, бұйрық жобасы 24 шілдеге дейін «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауда болады.