Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенова Facebook-тегі парақшасында жариялаған бейнеүндеуінде айтты
Қазақстанда бастауыш сынып оқушылары үшін бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалауды (ТЖБ) алып тастау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Facebook-тегі парақшасында жариялаған бейнеүндеуінде айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің сөзінше, бұл бастама қоғамда қызу талқыланып, көпшілік тарапынан қолдау тауып жатыр. Оның айтуынша, қазіргі таңда Оқу-ағарту министрлігі бастауыш білім беру жүйесіндегі бағалау тәсілдерін халықаралық тәжірибе негізінде жан-жақты зерделеуде.
«Қазіргі таңда әлемде бастауыш білім жүйесінде бағалау жүйесі дәл біздікіндей кеңінен қолданылмайды. Бізде балалар екінші сыныптан бастап бөлім бойынша және тоқсан бойынша жиынтық бағалау тапсыра бастайды. Ал бастауыш мектеп – баланың оқуға бейімделетін, сыныптастарымен қарым-қатынас орнататын және білімге деген қызығушылығы қалыптасатын ең маңызды кезеңдердің бірі. Сондықтан бұл уақытта басты назар бағалауға емес, баланың оқуға деген ынтасын арттыруға бағытталуы керек», – деді министр.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, министрлік формативті бағалаудан бас тартуды жоспарлап отырған жоқ. Керісінше, мұғалім оқушының оқу материалын қаншалықты меңгергенін, мәтінді түсініп оқи алатынын, білімді игеру деңгейін күнделікті бақылап, өзара байланыс беруді жалғастырады.
«Біз жалпы формативті бағалауды қалдырғымыз келеді. Мұғалім баланың қалай түсініп жатқанын, оқи алатынын, оқығанын қаншалықты меңгергенін бағалауы қажет. Бірақ әр бөлімнің соңында БЖБ, тоқсан соңында ТЖБ өткізу бастауыш сынып оқушылары үшін әлі де ерте деп есептейміз. Сондықтан барлық пән бойынша осы бағалау түрлерін алып тастау мәселесін кеңінен талқылап жатырмыз», – деді ол.
Министр бастаманың тағы бір маңызды себебі бастауыш сынып мұғалімдерінің жұмыс жүктемесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, әр пән бойынша БЖБ мен ТЖБ дайындап, кейін олардың барлығын тексеру педагогтердің көп уақытын алады. Соның салдарынан мұғалімнің оқушымен жеке жұмыс істеуіне жұмсайтын уақыты қысқарады.
«Мұғалімдер барлық пән бойынша мыңдаған парақты тексеруге мәжбүр болады. Бұл олардың шамадан тыс жүктемесіне әкеліп отыр. Ал сол уақытты балалармен академиялық жұмысқа, олардың біліміндегі олқылықтарды толықтыруға жұмсауына болар еді. Біздің негізгі ұстанымымыз – мұғалімнің артық жүктемесін азайтып, оның сапалы білім беруге көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік жасау», – деді министр.
Жұлдыз Сүлейменова бұл мәселе бойынша қоғамдық пікірдің маңызды екенін айтып, ата-аналар, педагогтер мен білім саласының мамандарын өз ұсыныстарын білдіруге шақырды. Оның айтуынша, бастауыш сыныптардағы БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау мәселесі биыл өтетін тамыз кеңесінде жан-жақты талқыланады.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан мектептерінде бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) екінші сыныптан бастап қолданылады. Министрлік ұсынған өзгеріс қабылданған жағдайда, бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесіне елеулі өзгерістер енгізілуі мүмкін.