Риддерде бірнеше ғасыр бұрын жасалған қару табылды

Сирек кездесетін қару Громотуха өзенінің маңынан табылды

Риддерде бірнеше ғасыр бұрын жасалған қару табылды
Фото: ШҚО ПД

Риддер қаласының тұрғыны XIX ғасырға тиесілі сирек қаруды тауып, полицияға өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Громотуха өзенінің маңындағы жай ғана серуен 43 жастағы Риддер тұрғыны үшін күтпеген олжамен аяқталды. Ер адам жай ғана темір емес, ғасырлық тарихы бар раритетті атыс қаруын тауып алды. Қарудың кез келген түрін тіркеусіз сақтау заң бұзушылық екенін түсінген қала тұрғыны табылған затты өзінде қалдырған жоқ.

Ер адам дереу Риддер қалалық полиция бөліміне хабарласып, заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсыру бойынша республикалық акция аясында затты полиция қызметкерлеріне табыс етті. ШҚО полиция департаменті жедел-криминалистикалық басқармасының мамандары жүргізген зерттеу нәтижесінде, полиция қолына 8 мм калибрлі Лефоше жүйесіндегі револьвер түскені анықталды.

«Лефоше жүйесіндегі револьверлер – XIX ғасырдың соңындағы аңызға айналған қару. Штаттық оқ-дәрілердің болмауына байланысты оның атысқа жарамдылығын анықтау мүмкін болмағанымен, сарапшылар заттың зауыттық шығу тегін және тарихи құндылығын растады. Бұл – табылған «өткен шақтың сынығы» құқық қорғау органдарына дер кезінде өткізілген сирек кездесетін жағдай», – деп атап өтті криминалистер.

Қазіргі уақытта бұл құнды жәдігер есепке алынды. Полиция еске салады: заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсыру азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатады.