Оқиға Ақтау қаласының 14-шағынауданындағы №32 тұрғын үйдің кіреберісінде болған
Ақтау қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты ұсақ бұзақылықты қайталап жасаған жергілікті тұрғынға қатысты істі қарап, оны кінәлі деп таныды. Сот қаулысымен ер адам 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл маусым айында ер адам Ақтау қаласының 14-шағынауданындағы №32 тұрғын үйдің кіреберісінде жалаңаш күйде жүрген. Ол осылайша қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың тыныштығын бұзған.
Сот азаматтың бұған дейін әкімшілік жазаға тартылғанына қарамастан, бір жыл ішінде ұсақ бұзақылықты қасақана қайта жасағанын атап өтті. Бұл іс бойынша жауапкершілікті ауырлататын мән-жай ретінде бағаланды.
Құқық бұзушының кінәсі жәбірленушінің арызымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және оқиға орнынан түсірілген бейнежазбамен толық дәлелденді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 2-бөлігіне сәйкес, ұсақ бұзақылықты қайталап жасағаны үшін 60-тан 100 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 15-тен 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
Сот қаулысымен Ақтау тұрғыны кінәлі деп танылып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тетіктерді нығайтуға, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға және заңды қатаң сақтау ұлттық құндылыққа айналған қоғам құруға бағытталған іргелі саяси бастамасы.