Таяуда халықаралық IT-алпауыттың басшылығымен арнайы кездесулер ұйымдастырылмақ
Елімізде Euronews халықаралық телеарнасы қазақ тілінде хабар тарата бастайды. Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында отандық БАҚ-тың ғаламдық платформалардағы жағдайы мен мемлекеттік тілдің мәселесі көтерілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиында Google News-те қазақша жаңалықтар тізбегінің жоқтығы отандық сайттарға кедергі келтіріп отырғаны сөз болды. ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов мәселенің өте өзекті екенін атап өтті.
«Бұл шынында да өте өзекті мәселе. Тек Google News лентасына ғана қатысты емес, жалпы Google сервистерінің қазақ тіліндегі оңтайландырылуы әлі толық қалыптаспаған. Қазақ тіліндегі контенттің іздеу жүйесіндегі жұмысы жеткілікті деңгейде тиімді емес, сондай-ақ монетизацияға қатысты да бірқатар мәселелер бар», - деді Қанат Ысқақов.
Министрлік өкілінің сөзінше, қазіргі таңда жұмыстар қолға алынған. Таяуда халықаралық IT-алпауыттың басшылығымен арнайы кездесулер ұйымдастырылмақ.
«Жақын уақытта Google компаниясының өкілдерімен кездесулер жоспарланған. Кездесу барысында тек іздеу жүйесіне қатысты емес, сонымен қатар YouTube платформасындағы қазақ тілінің мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері де талқыланады. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік тілдің Google экожүйесінде басқа тілдермен тең дәрежеде қолдау тауып, барлық қолданыстағы мүмкіндіктер мен артықшылықтарға ие болуы», - деді ол.
Вице-министр осы бағыттағы жұмыстардың мемлекеттік органдар мен компания өкілдерінің қатысуымен жалғасатынын атап өтті.