Олар Махатма Ганди ескерткішінің маңын тазалаған
Астанадағы Байқоңыр ауданының әкімдігі Махатма Ганди ескерткішінің маңында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып.
Бұл тазалық акциясына «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының еріктілері де қатысқан. Тазалық акциясына қатысқандар аумақты қоқыстан тазартып, ағаштарды суарып, жасыл желектерді күтіп-баптап, абаттандыруға қатысты өзге де жұмыстарды атқарды. Мұндай іс-шаралар қаланың тазалығын сақтаумен қатар, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Байқоңыр ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Нұрислам Батырбектің айтуынша, акция Мемлекет басшысы бастамашы болған республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен.
«Бүгін экологиялық акцияға «Жасыл елдің» 80-нен астам еріктісі қатысып жатыр. Осындай іс-шаралар жыл бойы тұрақты түрде өтеді. Біз жастармен бірге қоғамдық кеңістіктерді тазалап, жасыл желекті күтіп-баптап, аумақтарды абаттандырамыз. Мұндай акциялар қаланың тазалығын сақтауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді», – деді ол.
«Жасыл ел» қозғалысының еріктісі Айзере Сайлаудың айтуынша, мұндай бастамаларға қатысу қаланы таза ұстауға ғана емес, табиғатты қорғауды мақсат еткен пікірлес жастардың бір бөлігіне айналуға мүмкіндік береді.
«Біз бұл жерді қоқыстан тазартып, аумақты көркейтіп, Қазақстанның экологиясын сақтауға өз үлесімізді қосу үшін жиналдық. Осындай акциялар еліміздің болашағы үшін өте маңызды. «Жасыл елдің» қатарына қосылғаныма қуаныштымын. Мұнда ұйымшыл ұжым және табиғатты аялауды ортақ мақсат еткен белсенді жастар көп», – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, еріктілердің, жастардың және коммуналдық қызметтердің бірлескен еңбегінің арқасында елорда күн сайын көркейіп, жасыл желегі көбейіп, тұрғындар үшін жайлы қалаға айналып келеді.