Toyota Alphard пен Volkswagen Polo автокөліктері соқтығысқан
Атырау облысында Атырау-Ақтөбе автожолында екі жеңіл көлік соқтығысып, салдарынан алты адам жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 6 шілде күні сағат 13:30 шамасында Атырау – Ақтөбе тасжолының 582-315-шақырымында болған. Онда Toyota Alphard пен Volkswagen Polo автокөліктері соқтығысқан.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі көліктегі алты жолаушы түрлі дене жарақатын алып, облыстық ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады полиция Azattyq Rýhy агенттігіне берген түсініктемесінде.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, қажетті материалдарды жинап жатыр.
Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырып, жолдағы қауіпсіздік әрбір жол қозғалысына қатысушының жауапкершілігіне байланысты екенін еске салды.