Теңіз деңгейінен шамамен 2300 метр биіктікте зардап шеккен бойжеткенге жедел көмек көрсетілді
Алматы тауларында тағы бір турист құтқарушылардың көмегіне жүгінді. Бүгін, 6 шілдеде Үлкен Алматы көлі аумағында, теңіз деңгейінен шамамен 2300 метр биіктікте зардап шеккен бойжеткенге жедел көмек көрсетілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мекеменің мәліметінше, оқыс оқиға турист қыздың таулы маршруттан төмен қарай түсіп келе жатқан сәтінде болған. Бойжеткен аяғынан жарақат алып, өз бетінше қозғалу мүмкіндігінен айырылған.
Төтенше жағдай туралы хабарлама түскен бойда оқиға орнына Алматы қалалық ТЖД Құтқару қызметінің қызметкерлері жедел аттанды.
Құтқарушылар зардап шеккен қызды қысқа уақыт ішінде тауып алды. Оқиға орнында оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, таудан төмен түсірілді. Қыз «Аюсай» визит-орталығына аман-есен жеткізілді.
Осыдан кейін бойжеткен денсаулығын толық тексеру және тиісті ем-дом қабылдау үшін оқиға орнында күтіп тұрған жедел жәрдем бригадасына аман-есен табысталды.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті жазғы маусымда тауға серуендеуге шығатын қала тұрғындары мен туристерге қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді.