7 шілдеге арналған ауа райы болжамы жарияланды

Автор: Дәулет Ботагөз

Астана, Алматы қалалары мен еліміздің 17 облысында қолайсыз әрі қауіпті табиғи құбылыстар болады

Фото: © istockphoto.com

«Қазгидромет» РМК синоптиктері 2026 жылғы 7 шілдеге арналған ауа райы болжамын жариялады. Мамандар Астана, Алматы қалалары мен еліміздің 17 облысында қолайсыз әрі қауіпті табиғи құбылыстар болатынын хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Еліміздің бірқатар өңірінде нөсер жаңбыр жауып, бұршақ түссе, батыс пен оңтүстік өңірлерде аптап ыстық пен өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.

Синоптиктер бірнеше өңірге дауылды ескерту жариялады. Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз бұршақ жаууы мүмкін. Өңірде аптап ыстық 35–37 градусқа дейін жетеді.

Қарағанды облысының басым бөлігінде жаңбыр, найзағай, кей жерлерде нөсер мен бұршақ күтіледі. Желдің екпіні секундына 15–18 метрге дейін күшейеді. Сонымен қатар өңірде өрт қаупі жоғары сақталады.

Алматы қаласы мен облысында, сондай-ақ Іле Алатауында күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетіп, ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі.

Атырау облысында таңертең және күндіз жаңбыр, найзағай мен бұршақ күтіледі. Желдің екпіні 15–20 метрге дейін күшейіп, күндіз 35 градус ыстық болады.

Батыс Қазақстан облысының бірқатар ауданында жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін. Күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі.

Маңғыстау облысында түнде және таңертең тұман түседі. Ал күндіз жел күшейіп, ауа температурасы 38–41 градусқа дейін көтеріліп, өте қатты аптап ыстық болады.

Ақтөбе облысында түнде өткінші жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Күндіз жауын күшейіп, кей жерлерде нөсерге ұласады. Желдің екпіні секундына 23–28 метрге дейін жетуі мүмкін, ал ауа температурасы 35–37 градус болады.

Жамбыл облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр мен найзағай болжанып отыр. Желдің екпіні 15–20 метрге дейін күшейеді. Сонымен қатар өңірде төтенше өрт қаупі сақталады.