Алматы өмір сүру құны бойынша Орталық Азиядағы ең қымбат қала атанды

Автор: Дәулет Ботагөз

Дүниежүзі бойынша 547 ірі қала енген бұл зерттеуде Алматы 409-орынға тұрақтады

Фото: © istockphoto.com

Алматы қаласы өмір сүру құны бойынша Орталық Азиядағы ең қымбат шаһар деп танылды. Халықаралық Numbeo платформасының 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған жаңартылған жаһандық рейтингінде оңтүстік астанамыз ел ордасы Астананы және көршілес мемлекеттердің бас қалаларын артқа тастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дүниежүзі бойынша 547 ірі қала енген бұл зерттеуде Алматы 409-орынға тұрақтаса, Астана қаласы 469-сатыдан көрінді. Numbeo сарапшылары қалалардағы баға саясатын бірнеше негізгі индекс бойынша бағалаған. Мұнда базалық көрсеткіш ретінде Нью-Йорк қаласының өмір сүру деңгейі (100 пункт) негізге алынады.

Зерттеу қорытындысы бойынша, Алматыда өмір сүру құнының индексі 38,7 пунктті, ал тұрғын үйді жалға алу көрсеткіші 16,2 пунктті құрады. Баспана жалдау ақысын есепке алғандағы жалпы жиынтық көрсеткіш 28,4 пунктке тең болды.

Ел ордасы Астанада бұл көрсеткіштер едәуір төмен: өмір сүру құны – 32,8, пәтер жалдау – 12,6, ал жиынтық индекс 23,6 пунктті көрсетті. Бұл мәліметтер Алматыда күнделікті шығындардың да, жылжымайтын мүлік нарығының да Астанаға қарағанда едәуір қымбат екенін дәлелдейді.

Орталық Азиядағы ең қымбат қалалардың өңірлік рейтингінде алғашқы екі орын Қазақстанға тиесілі. Тізімнің көшін Алматы бастап тұр. Екінші орында – Астана. Үздік бестікке сондай-ақ Өзбекстанның Ташкенті, Қырғызстанның Бішкегі және Тәжікстанның Душанбесі енді.

Жаһандық рейтингтің көш басында дәстүрлі түрде Швейцария қалалары орналасқан. Әлемдеді ең қымбат қала болып Цюрих танылды (өмір сүру құнының индексі – 123,1 пункт).

Алғашқы бестікке (Тор-5) сонымен қатар Кайман аралдарындағы Джорджтаун, Швейцарияның Люцерн, Базель және Женева қалалары енді.

Рейтингті түзу барысында Numbeo мамандары тұрғындар үшін ең маңызды бірнеше критерийді есепке алады. Олардың қатарында азық-түлік бағасы, қоғамдық тамақтану орындарындағы (дәмхана, мейрамхана) тарифтер, баспана жалдау құны және халықтың нақты сатып алу қабілеттілігі бар.